Ұлытаулық тұрғын алаяқтардың құрығына ілініп, 3 млн теңгесінен айырыла жаздаған

Ұлытау облысында киберполиция ірі алаяқтықтың жолын кесіп, жәбірленушіге үш миллион теңгесін қайтарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Тергеу барысында алаяқтардың WhatsApp мессенджері арқылы байланысқа шығып, өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырғаны анықталды.

Олар көмек көрсету сылтауымен және түрлі айла-тәсілдерді қолдана отырып, әйелді бірнеше банктен несие алуға көндірген. Дегенмен жәбірленушінің ұлының қырағылығы арқасында ол уақытылы полицияға хабарласты. Жедел әрекет еткен полиция қызметкерлері алаяқтардың заңсыз әрекеттерінің алдын алып, жәбірленушіге қаржысын қайтарып берді. 

Ұлытау облысы полиция департаменті азаматтарға сақ болуды, бейтаныс адамдарға сенбеуді және қаржылық көмек немесе жеке мәліметтерді талап еткен жағдайда абай болуды ескертеді. Құқық қорғау органдары телефон немесе мессенджер арқылы ақша беруді немесе құпия ақпаратты сұрамайтынын есте ұстау маңызды. Мұндай алаяқтық әрекеттердің алдын алу үшін полиция күдікті жағдайлар туралы дереу ішкі істер органдарына хабарлауға шақырады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!