Желіде алаяқтардың жаңа әдісі пайда болған. Мессенджерлерде тараған видео авторының айтуынша, Қостанайда видео қоңыраулар арқылы несие ресімдеудің екі жағдайы тіркелген. Адамдарға белгісіз нөмірлерден видео қоңырау шалынады, кейін олар жәбірленушінің бейнесін өңдеп, оның атына несие алады. Бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Қостанай облысының Полиция департаменті өкілдері мұндай алаяқтық жағдайлары анықталмағанын хабарлады.
"Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Қостанай облысы бойынша 2023 жылдың басынан бері тіркелген 800 интернет-алаяқтық жағдайының ішінде видео авторы айтқан деректер жоқ", - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі өкілдері.
Айта кетейік, видео қоңырауларды пайдаланатын алаяқтар туралы мұндай хабарлама Қазнетте бұған дейін де тараған болатын. 2023 жылғы сәуірде қолданушылар мұндай әрекеттерден Ұлытау облысының тұрғындары зардап шекті деп айтқан. Бұл ақпарат та жалған болып шықты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!