Рудный қаласының полицейлері алаяқтықтың жолын кесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
30 мамырда алаяқтар Рудный тұрғынына қоңырау шалып, өздерін банк қызметкерлеріміз деп таныстырған. Ер адам олардың айласына сеніп, қашықтан қосылатын бірнеше қолданбаны жүктеп алған. Біраз уақыттан кейін бұл әрекет оған күмән туғызып, ол полицияға қоңырау шалған.
"Оның үйіне келгеннен кейін жеке шоттарды бірге тексердік, ешқандай несие таппадық", - деді учаскелік полиция қызметкері.
Келесі күні полицейлер сенімді болу үшін жергілікті тұрғынға несие тарихын алу мақсатында ХҚКО-ға баруға кеңес берген. Онда тұрғынға 7,5 миллион теңге көлемінде несие ресімделгені анықталыпты, алайда ақша әлі де жәбірленушінің жеке шотында болған.
ХҚКО мен банк қызметкерлерінің көмегімен несие бойынша операция жойылды. Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады. Сонымен қатар, қашықтан қол жеткізу қосымшаларын телефонға орнатпауды сұрайды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!