Алаяқтар қазақстандықтарға WhatsApp арқылы несие ұсынған
WhatsApp мессенджерінде Қазақстан азаматтарына несие беруге дайын француз экономисінің атынан хабарлама тарап жатыр. Хабарламада экономиспен байланысып, 1-9 миллион теңгеге дейін несие рәсімдеп алуға болатыны айтылған. Алайда бұл шындыққа жанаспайды, - деп хабарлайды StopFake.kz.
Басылым мәліметінше, мұндай алдау жолдары әлем елдерінде көп тараған. Желіде несие ұсынатын алаяқтар туралы ескертулер бар және олар адамдарды қалай көндіретіні егжей-тегжейлі сипатталған.
Әдетте, олар әлеуетті тұтынушының қызығушылық танытып отырғанын байқап, одан несие рәсімдеу үшін белгілі мөлшерде комиссия төлеуін сұрайды.
Кейін алаяқтармен байланыс үзіледі, ал олардың көмегіне жүгінген адам несие ала алмай, жіберген ақшасынан да айырылады.
2018 жылы Сингапурдың 315 тұрғыны мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы несие алуға уәде берген алаяқтардың құрбаны болған. Тұрғындар жалпы 670 000 доллар жоғалтқаны анықталды. 2019 жылы алданып қалған сингапурлықтардың саны 692-ге дейін өсті, ал шығын 2,2 миллион доллар болды. Сонымен қатар, алаяқтар бір адамнан "комиссия жарнасы" ретінде сегіз мың доллардан аса ақша талап еткен.
Сондай-ақ, БАҚ-та "жарна" төлеуден бас тартқандарға қоқан-лоққы көрсетіліп, қудалауға ұшыраған. Алаяқтар әңгімелесу барысында иемденіп алған жеке деректерді жариялаймыз деп қорқытқаны хабарланды.
Мессенджерлерде немесе әлеуметтік желілерде ірі көлемде несие ұсынған адамдарға мүлдем сенуге болмайды. Әдетте, мұндай несие берушілер - алаяқтар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек