Алаяқ фильмге түсіремін деп уәде беріп, алдап кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қала тұрғыны полицияға арызбен жүгініп, белгісіз адамның тарапынан алаяқтық әрекеттердің құрбаны болғанын және ақшасынан айырылғанын айтып арызданған.
Тергеу барысында әйел "WhatsApp" мессенджерінің чатынан жігіттің белгілі бір сомадағы ақшаға телехикаяда рөл ұсынғаны туралы хабарландыруын көргені белгілі болған.
Оның уәделеріне қызығып, әйел оған 600 мың теңге жіберіп, балалары кинода рөл алады деп үміттенген. Бірақ қаскүнемнің уәделері екі айға созылып, осы уақыт ішінде ол әр түрлі сылтаулар айтқан. Телехикая рөлінде ойнауды күте-күте жалыққан әйел полицияға жүгінген.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде "Байқоңыр" ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері қаланың 22 жастағы тұрғынын анықтады. Оның елорда аумағында жасалған алаяқтықтың үш эпизодына қатысы бар екені анықталған. Қазіргі уақытта оның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Бұл дерекке қатысты ҚР ҚК 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ол мойындау көрсетпелерін берді. Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды, бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!