• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

“Алатындары - 120 мың теңге“. Депутат тағы бір сала қызметкерлерінің жалақысын көтеруді ұсынды

“Алатындары - 120 мың теңге“. Депутат тағы бір сала қызметкерлерінің жалақысын көтеруді ұсынды
Фото: depositphotos.com

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев балық шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын көтеруді ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттың айтуынша, қазір балық шаруашылығы саласындағы 1400 субъект жыл сайын 50 мың тонна балық аулайды және оны өңдейтін 72 кәсіпорын жұмыс істейді, солардың ішінде тек 17-сі жоғары стандарттарға сай болып тұр.

Ал балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындарда шамамен 12 мыңға жуық адам еңбек етеді.

"Сол мамандарды даярлайтын бес жоғары оқу орны бар. Бұл университеттерде былтыр бөлінген 120 білім грантының тек 20-сы игерілген. Жастарға бұл сала тартымды болып тұрған жоқ, себебі еңбекақы мөлшері аз және жұмыс жағдайы дұрыс ұйымдастырылмаған", - дейді депутат.

Жигули Дайрабаевтың сөзінше, қатардағы қызметкерлердің айлығы - 120 мың теңге, ал жұмыс орны қажет құрал-жабдықтармен толық қамтылмаған.

"Осы сұрақтарды қолға алатын, саланы ретке келтіретін комитеттің басшысы бүгінгі күнге дейін әлі тағайындалмаған. "Балық басынан шіриді" деген мақалды осы жерде қолдануға болатын шығар", - дейді ол.

Депутат Ауыл шаруашылығы, Қаржы министрліктері қатардағы қызметкерлердің жалақы мөлшерін қайта қарап, оны көтеру бойынша жұмыс атқаруы қажет екенін мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін метеорологтардың жалақысын көтеру ұсынылды. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget