Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президент отандық бизнес өкілдері қаланы дамытудың бел ортасында жүруі қажет екенін айтты.
"Маған бүгінде 50-ден аса инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталғаны жөнінде мәлімдеді. Жалпы көлемі екі триллион теңгеге жуық қаржы құйылған бастамалар аясында 50 мыңнан аса жұмыс орны ашылады. Алдағы бір-екі жыл ішінде басым салаларға инвесторлар тарта отырып, бұл портфельді кеңейте түсуіміз керек. Әсіресе, отандық бизнесті ынталандыруға баса назар аударылғаны жөн. Бизнес өкілдері сырттан бақылаушы болмай, қаланы дамытудың бел ортасында жүруі қажет. Мұның маңызы зор", - деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Шэньчжэнь секілді қалалардың тәжірибесі алғашқы онжылдықта шаһардың өркендеуіне жұмсалған инвестицияның басым бөлігін сыртқы емес, ішкі салымдар құрағанын көрсетіп отыр.
"Шэньчжэнь, Хайнань, Дубай, Сингапур сияқты қалалардың бәрінде мемлекет алғашқы инвестор ретінде базалық инфрақұрылым қалыптастырып берді. Осылайша, бизнесте тәуекел азайып, тиісті жағдай жасалатын орнықты инвестициялық цикл іске қосылды", - деді Мемлекет басшысы.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз