«Алатау» дәстүрлі өнер театрында 1 маусым Халықаралық балалар күніне арналған «Балаларға күлкі сыйлаймыз!» атты іс-шара өтіп, театрдың кинозалында мультипликациялық фильмнің қайырымдылық көрсетілімі болды.
Алматы қаласы республикалық Достық үйі жұмысын қамтамасыз ету қызметі, «Алатау» дәстүрлі өнер театры, Алматы қаласы республикалық этномәдени бірлестіктері ұйымдастырған іс-шараға ҚХА төрағасының орынбасары А.М.Хамедов, ҚХА мүшелері, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, ЭМБ жастары, «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері, №9 мамандандырылған (түзету) мектеп-интернатының тәрбиеленушілері, психоневрологиялық ауруларға шалдыққан мүгедек балаларды бейімдеу орталығының бүлдіршіндері, «Салиқалы ұрпақ» пансионатының тәрбиеленушілері, республикалық этномәдени бірлестіктердің балалары қатысты.
Театрымызда өткізілетін қайырымдылық көрсетілімдерге үнемі қолдау білдіретін «Қазақстандық дұнған қоғамы» қоғамдық бірлестігі бұл жолғы іс-шараға да белсенді қатысып, демеушілік көрсетті. Аталған бірлестік төрағасы Абубакир Вайсырович балаларды меркемен құттықтай отырып, алдағы уақытта да қайырымдылық шараларға ат салысуға ниетті екенін білдірді. Өз кезегінде театрымыздың директоры Мақсат Маратбекұлы да мерекемен бүлдіршіндерді және ата-аналарды құттықтап, іс-шараға қолдау білдірушілерге арнайы алғыс хаттар табыс етті. Балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында тосын сыйлар мен тәттілер таратылып, «Көңілді мекен – балалық» атты асфальт бетіне сурет салу сайысы ұйымдастырылды.
Алатаудың баурайында, әсем Алматыға еркелей орналасқан өнер ордасының алдындағы кең алаң, таза ауа, тұма табиғат мерекелік іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне түрткі болды. Ал қызықты бағдарламаға құрылған концерт көріп, асфальт бетіне сурет салған, тосын сыйлар мен тәттілер алған балалардың жүзінен қуаныш лебі есіп тұрды.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға, балалар мен қарттарға арнап үнемі қайырымдылық көрсетуді ұйымдастыратын театр ұжымы бүгін тағы бір істің басын қайырды. Осындай көңілді өсіріп, жүрекке шаттық сыйлатын шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімдеміз!
Мөлдір Бекжан