2017 жыл 5 сәуір ҚР Ұлттық кітапханасында Алматы қаласының Жастар конгресі және Алматы студенттер Альянсының ұйымдастыруымен Алашорда үкіметінің 100 жылдығына арналған «Жастардың рухани байлығы – қоғам дамуының басты кепілі» атты дөңгелек үстел өтеді.
Дөңгелек үстелге «Болашақ» республикалық қозғалысының жетекшісі, тележүргізуші, саясаттанушы Дәурен Бабамұратов, Алматы қаласының Жастар ұйымдары мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, Алматы қаласы ЖОО-ның Жастармен жұмыс жөніндегі комитет жетекшілері, студенттер, белсенді жастар, жас мамандар мен әр саладағы жастар өкілдері қатысады. Алматы қаласы әкімінің орынбасары – А.О. Қырықбаев, Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы – Ш.Ж. Бескемпіров, БАҚ өкілдері қонақтары шақырылды.
Бұл дөңгелек үстелде екі мәселе қатарынан қаралатын болады: біріншісі - ұрпақтар сабақтастығы, яғни өткен Алашорда үкіметінің негізін қалаушылары мен Қазақ интеллегенциясының рухани құндылықтары, екіншіден, қазіргі жастардың құндылық бағдарларының өзгеріске ұшырауы. Осы тұрғыда бұл дөңгелек үстелдің Алашорда үкіметінің 100 жылдығына арналуы бекер емес.
Жастардың рухани әлемінің жағдайы жастар үшін ғана емес, бүкіл қоғам өмірі үшін де маңызды орын алады, өйткені жастар – еліміздің ертеңі, болашағы. Жастардың рухани мәдениетін құраушылардың бірі құндылықтық бағдарлар болып табылады, яғни, белгілі-бір мәндерді өмірді ұйымдастырушы бастамалар ретінде қабылдау және өзін соған сәйкес ұстау.
Қазіргі заман ғылым мен технологияның қарыштап дамыған шағы. Соған сай сана өркениеті өрістеп биіктеп барады. Бір анығы, адамның санасы, дүниетанымы жоғарылаған сайын қоғам да өзгереді. Алайда осындай құбылыстар орын алған қоғамымызда ұстанатын тек екі қағида бар: бірі – жан-дүниенің рухани тазалығы болса, бірі – сананың сергектігі. Біріншісіне жүрек, екіншісіне ақыл керек. Осыларды ұғып, білуге қайрат керек. Бұл – сонау ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Абай Құнанбайұлының жазып кеткен қағидасы арқылы шыққан тұжырым. Әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деген сөзінде сан-алуан астар бар. Кемеңгеріміздің бұл жерде «бесігіңді түзе» деген сөзді «ұрпағыңды түзе» деген сөздің баламасы ретінде қолданып отыр. Демек, ұрпақтың дүние танымы мен рухани байлығы үлкен жауапкершіліктің жүгі екені айқын.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің халыққа Жолдауында: «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз» деп атап өткен болатын. Жалпы, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі қазақстандық патриотизмге, төзушілікке, биік мәдениетке, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге тәрбиелеу болып табылады.
Сондықтан да, еліміздің болашағы үшін жастарды тәрбиелеуде рухани құндылықтардың маңызы зор және біз күнделікті өмірде оларды қолданудың аясын кеңейтіп, үнемі назарда ұстап отыруымыз қажет.
Жастарымыздың бойында отансүйгіштік, ұлтжандылық, әдептілік, ибалылық, төзімділік сынды қасиеттерді арттырып, олардың жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды толыққанды түсініп, өмірлік жолдарында ұстануына септігін тигізуге әсер етуіміз керек.
Жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін әр саладағы жастар мен жастар ұйымдарының өкілдері жиналады. Тақырыпқа сәйкес бағыттар бойынша баяндамалар оқылады, арнайы бейнематериал көрсетіледі. Шешу жолдары ұсынылып, Алматы қаласы әкіміне ұсыныстар жасалады.
Өткізу уақыты: 5 сәуір 2017 жыл, сағат 15:00
Өткізу орны: ҚР Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залы