- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Алашапқынсыз шешілуге тиіс"....
"Алашапқынсыз шешілуге тиіс". Тоқаев үкіметке қандай тапсырма берді?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында үкіметке бірқатар тапсырма берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Білім алу үшін дұрыс жағдай жасау - мемлекеттің аса маңызды міндеті. Өкінішке қарай, бүгінге дейін көп талқыланғанына қарамастан, үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесі шешілген жоқ. Сондықтан "Жайлы мектеп" ұлттық жобасының жүзеге асырылуы Үкіметтің де, жергілікті атқарушы органдардың да ерекше бақылауында болуға тиіс. Үкімет пен Есеп комитеті әрбір теңгенің көзделген мақсатқа жұмсалуын қамтамасыз етуге тиіс", - деді Президент.
Оның айтуынша, әкімдер жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым жөніндегі барлық мәселені шешуі қажет.
"Мұнда еш ақталудың реті жоқ. Сондықтан аталған жұмыстың орындалуына әкімдерді тікелей жауапты етіп бекіту жөніндегі Үкіметтің ұсынысын қолдаймын", - деді ол.
Сондай-ақ, құрылысы 2023 жылы басталуға тиіс мектептер үшін жер учаскелерін бөлу және инфрақұрылымға қосу жөніндегі барлық мәселе бір ай ішінде шешілуге тиіс. Қалғандары жыл соңына дейін.
"Олар бюрократияны азайту, нақты мәселелердің шешілуін созбалаңға салу проблемасын реттеуі керек.
Үкіметтің Samruk-Kazyna Construction-ды бірыңғай тапсырыс беруші ретінде айқындау туралы ұсынысын қолдауға болады деп есептеймін. Бұл бүкіл процесті бір жерде жоспарлауға, салуға және басқаруға мүмкіндік береді. Мектептер бойынша талап ерекше болады", - деді Тоқаев.
Тоқаевтың айтуынша, ғимараттар мен сыныптар ғана емес, сондай-ақ мұғалімдерді даярлау жүйесі және оқу бағдарламалары ең жоғары стандарттарға сәйкес келуі тиіс.
"Тағы бір маңызды мәселе. Балалар оқулыққа толы ауыр сөмке тасуға мәжбүр деген шағымдар көптеп түседі. Бұл балалардың денсаулығына кері әсерін тигізетіні анық. Сондықтан оқу материалдарын цифрлы форматқа ауыстыруды жеделдету қажет деп санаймын. Жалпы, барлық оқыту үдерісін барынша цифрландыру қажет", - деді Президент.
Мемлекет басшысы "Ауылдағы денсаулық сақтау саласын жаңғырту" жобасының әлеуметтік мәні зор екенін айтты.
"Біз ауыл тұрғындарының 100 пайызын сапалы алғашқы медициналық көмекпен қамтамасыз ету туралы айтып отырмыз. Бұл - мемлекет ретінде біздің міндетіміз. Алайда бұл атқарылатын барлық жұмыстың ең аз бөлігі.
Сондықтан жобаның екінші компоненті - ауыр дертке шалдыққандарға және жарақат алғандарға сапалы көмек көрсету уақытын қысқартуға мүмкіндік беретін көпбейінді ауруханалардың құрылысына қатысты мәселе де маңызды", - деген ол "Алтын сағат" қағидасы бекер емес екенін айтты.
"Науқасты жабдықталған ауруханаға неғұрлым тез жеткізсе, оның өмірін сақтап қалуға соғырлым мүмкіндік мол. Бұл бастама қанайналым жүйесінің ауруы салдарынан адам шығынын азайтуға айрықша тиімді әсер етеді деп үміттенеміз. Еліміздегі азаматтардың 35 пайызы осы аурудан көз жұмады. Қазақстанда ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда, инсульт пен инфаркттан 2 есе көп қайтыс болады. Тіпті, жастарымыз да қайтыс болып жатыр. Соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған көпбейінді ауруханалар желісі - бұл ұлт саулығына қосылған зор үлес әрі тиімді шешім", - деді Мемлекет басшысы.
"Барлық міндеттер тез, әуре-сарсаңсыз, жауапкершілікті бір-біріне сілтейтін ведомстволар арасындағы "алашапқынсыз" шешілуге тиіс. Бастысы – нақты белгіленген нәтижелерге қол жеткізу. Ол үшін жобалардың жүзеге асырылуын қадағалайтын мониторинг жүйесі қажет", - деді ол.
Осылайша Президент үкіметке мынадай тапсырмалар берді:
- биыл қараша айына дейін Үкімет қаулысымен аталған ұлттық жобаларды және қажетті нормативтік актілерді бекіту;
- жыл соңына дейін осындай жаңа форматта әзірленетін қосымша ұлттық жобалардың тізбесін анықтау.
Сондай-ақ, Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің күн тәртібінде "Жайлы мектеп" жалпыұлттық жобасын іске асыру мәселесі қаралды.
Жоба мемлекеттік инвестиция есебінен бұл жоба арқылы 800 мың оқушыға орын қарастырылады.
Жобаның мақсаты мен міндеттері:
- 2026 жылға қарай қалалар мен қарқынды дамып келе жатқан (перспективалы) елді мекендерде жаңа үлгідегі мектептер салу;
- мектептерді салу кезінде құрылыс пен жабдықтаудың бірыңғай стандартын қолдануды қамтамасыз ету;
- оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау;
- білім беру қызметінің сапасын арттыру.
Сала үшін тиімділігі:
- үш ауысымды және апатты мектептерді жою;
- білім сапасына қатысты алшақтық факторларын жою (қалалық/ауылдық);
- білім беру ортасының жаңа стандарттарын енгізу.
Әкімдердің жеке жауапкершілігіне берілетін жұмыстар:
- мектеп салуға жер телімдерін беру;
- инженерлік инфрақұрылымды, жолдарды салу, қоғамдық көлік бағыттарын анықтау және т.б. жұмыстарды жүргізу;
- Педагог кадрлармен қамтамасыз ету және мектептерді иелікке алу;
- мектепті пайдалануға берудің бекітілген жоспарын уақтылы орындау;
- Жобаны іске асырудың алғашқы жылында оқушы орны тапшы аймақтарда мектептер салуды қамтамасыз ету.
Отырыста "Ауылдық денсаулық сақтау саласын модернизациялау" ұлттық жобасы сөз болды.
Бұл жоба бойынша қандай шаралар атқарылады?
- 50 тұрғынға дейінгі ауылдарда медициналық қызметкердің болуы;
- Медициналық пункт – 50-ден 500 адамға дейін;
- Фельдшерлік-акушерлік пункт – 500-ден 1500 адамға дейін;
- Дәрігерлік амбулатория – 1500-ден 5 000 адамға дейін;
- АМСК орталығы – 5 000-нан 30 000 адамға дейін.
Негізгі шаралар:
Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің (АМСК) 655 нысанының құрылысы, оның ішінде:
АМСК 228 жаңа нысан, оның ішінде:
- 123 медициналық пункт,
- 77 фельдшерлік-акушерлік пункт,
- 28 дәрігерлік амбулатория.
Қолданыстағы АМСК нысандарының орнына 427 нысан, оның ішінде:
- 130 медициналық пункт,
- 165 фельдшерлік-акушерлік пункт,
- 132 дәрігерлік амбулатория.
ЖОБА АЯСЫНДА МЕДИЦИНА КАДРЛАРЫМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
- 2022-2024 жылдары - 16 570 мейіргерлер мен 17 585 фельдшер дайындықтан өтеді;
- Медициналық жоғары оқу орындарында жыл сайын 2 200-ден астам жалпы практика дәрігерлері дайындықтан өтеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Құлтай