Қазақстандық тарихшылар ақын Мағжан Жұмабаевтың аудармашы болып қызмет атқарғанын растайтын құнды құжатын алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Мамандар оны жуырда ғана Ресей мемлекеттік архивіне сұрау салып алдыртқан және ол "Тарихтан тағылым - өткенге тағзым" халықаралық жобасы аясындағы форумда көпшіліктің назарына ұсынылды.
"Бір айдай ғана уақыт болған, Ресей мемлекеттік архивінен алынған құжат. Ол құжатта Мағжан Жұмабаев, Әлихан Бөкейханов екеуі "центр издат" деп айтамыз, 1923-1927 жылдары Мәскеуде болған кезеңінде сол әдебиет және өнер институтында оқып қана қоймай, қызметте жүргізген. Сол қызметтің бірі центр издатта аудармашы ретінде қызмет жасаған. Лениннің ақпаннан қазанға дейін еңбегін аударды. Сонымен қатар, Максим Горькийдің "Буревестник" өлеңін аударды. Всеволод Ивановтың шығармаларын аударды. Яғни, аудармашы ретінде қызмет жасағанын дәлелдейтін құжатқа куә болып отырмыз", - деді Солтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова.
Жылда ұйымдастырылатын шара бұл жолы саяси құғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға, сондай-ақ, Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына орайластырылды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген тарихшылар мен сарапшылар алдымен Мағжанның кіндік қаны тамған Сарытомар ауылына барды. Ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Бұдан соң оның шығармашылығы мен өмірі жайлы сөз қозғап, әлі де оның зерттелмеген деректердің көп екендігін алға тартты.
"Бірінші күні Мағжан Жұмабаевтың кіші отанына барып келдік. Гүлшоқтарын қойып, оның мұражайын көрдік және де бүгін осы біздің тарихшылар, сарапшыларымыз, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, біздің халықараралық сарапшылар онлайн режимінде қосылып жатыр", - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы "Қоғамдық келісім" мекемесінің директоры Элина Паули.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!