Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына арналған "Соңғы үкім" тарихи фильмінің шығатын күні белгілі болды. Семейде фильм түсірілімі аяқталды. Желі қолданушылары басты рольдегі Азамат Сатыбалдыұлының Ахмет Байтұрсыновтан айнымай қалғанын жазып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Басты рольде - Азамат Сатыбалды. Сондай-ақ, фильмде Дарья Александрова, Александр Багрянцев, Ерлан Карибаев және басқалар ойнады. Желі қолданушылары актердің Ахмет Байтұрсыновтан айнымай қалғанын жазып жатыр.
"Азамат азамат қой", "Аумайсыз ғой", "Керемет актерсіз", "Бір қарағанда Байтұрсыновтың өзі ма деп қалдым", - дейді актердің оқырмандары.
"Байтұрсынов - біздің мақтанышымыз. Менің ойымша, біздің жас ұрпақ осындай фильмдерді көруі тиіс. Өйткені, Ахмет ағаның жасаған істері, Алаш Орда қайраткерлерінің ерлігі - бүгін кездеспейтін батылдық. Сондықтан сол кездегі оқиғаларды заманауи көрерменге көрсету керек", - дейді Азамат Сатыбалды.
Жоба түсірілімі былтыр Алматыда басталған. Ал биыл түсірілім процесінің негізгі бөлігі Семей қаласында және Алматы мен Абай облыстарының табиғи нысандарында өткен. Бүгінде картинаны монтаждау жұмыстары жүріп жатыр екен.
Ал фильм тұсаукесері 2023 жылдың 2 ақпанына жоспарланған. Себебі бұл күні Байтұрсынов редактор болған алғашқы кәсіби "Қазақ" газетінің 110 жылдығы тойланады.
Фильм ХХ ғасырдың басындағы қазақ саяси элитасының ең жарқын көшбасшыларының бірі, қазақ грамматикасының негізін қалаушы, ғалым, ақын және публицист өмірінің қырық жылын қамтитын шағын эпизодтардан тұрады. Киножоба бастауыш мектептің қарапайым оқытушысынан ұлттың ұстазына айналған Ахметтің таңғажайып тағдырына әсер еткен маңызды оқиғалар туралы баяндайды.
"Алаш" партиясының негізін қалаушылардың бірі, қудаланған, бірнеше рет қамауға алынған, бірақ соған қарамастан, толық драма мен трагедияға толы дәуірде әдемі махаббатқа да орын таба білген саясаткер-күрескердің қиын өмірі көрсетіледі.
Түсірілім тобын режиссерлер Ерлан Нұрмұхамбетов пен Ерген Тоқмурзин басқарады. Қоюшы-оператор Марс Омаров. Бас продюсер - Дастан Атығаев. Сценарий авторы - Ғалым Доскен.
Туынды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен өндіріске енгізілді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!