- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- испания су тасқыны
Алапат тасқын құрбандарының саны 95-ке жетті. Испанияда не болып жатыр?
Испаниядағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 95-ке жетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Deutsche Welle сайтына сілтеме жасап.
Құрбандардың басым көпшілігі Испанияның шығысындағы Валенсия қаласында. Онда тасқын салдарынан 92 адам көз жұмды. Тағы екі адам Кастилья-Ла-Манча аймағында, біреуі Андалусияда қаза тапты.
Валенсия - ең көп зардап шеккен қала
Валенсия көшелерінің біріндегі көлік қирандылары, фото: EPA/TACC
Испаниялық журналистер аумақтық саясат министрі Анхель Виктор Торрестің ақпаратына сілтеме жасап, құрбандар санының әлі де өсетінін айтты. Бейсенбі, 31 қазаннан бастап үкімет елде үш күндік аза тұту күнін жариялады.
фото: Douche Welle
Алапат тасқын Валенсия аймағындағы 155 мың үй шаруашылығын жарықсыз қалдырды деп хабарлайды Ибердрола электр жеткізушісі. Жолдар, әуе және теміржол қатынасы да зардап шекті.
30 жылдағы ең жойқын су тасқыны
29 қазанда Испанияда толассыз жауған жаңбыр салдарынан су тасқыны болып, Валенсия, Аликанте, Мурсия және Таррагона аймақтары топан судың астында қалды. Әсіресе Валенсия мен айналасындағы аудандарда жауын көлемі 200 мм-ге жеткен. Ал бұл қалыпты жағдайдан бірнеше есе артық. Сонымен қатар Каталония мен Андалусияның кейбір бөліктері де тасқыннан ауыр зардап шекті. Жағдайға DANA (суық тамшы) метеорологиялық құбылысы себеп болды.
фото: Gettyimages.ru
Билік қандай шара қолданып жатыр?
Испания билігі су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көмектесу үшін бірқатар шаралар қабылдауда. Премьер-министр Педро Санчес үш күндік аза тұту күнін жариялап, зардап шеккен аймақтарға материалдық және моральдық қолдау көрсетуге уәде берді.
фото: EPA/TACC
Төтенше жағдайлар қызметі мен әскери құтқару топтарынан мыңнан астам адам апат аймақтарына жіберілді. Құтқарушылар тобы жоғалғандарды іздеу және эвакуация жұмыстарын атқарып жатыр. Сондай-ақ тікұшақтар мен арнайы қайықтар да жұмылдырылды. Олар су басқан үйлерде қалып қойған тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп жатыр.
Берлин мен Брюссель көмек ұсынды
Еуропалық Одақ Испанияның құтқару қызметтеріне көмектесу үшін өзінің Copernicus спутниктік жүйесін орналастырды. Бұл туралы еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Лейен өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.
Берлин де Испанияға өз көмегін ұсынды. Германия канцлері Олаф Шольц X-ке Берлин Мадридпен "көмек туралы диалогта" екенін жариялады. Германияның ішкі істер министрі Нэнси Фазер өз кезегінде су тасқынын "қорқынышты табиғи апат" деп атады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Д. Литпин