Алапат өрттен 10 шақалақ бірдей көз жұмды

Алапат өрттен 10 шақалақ бірдей көз жұмды
Фото: Subrata Goswami/DW

Үндістанның солтүстігіндегі Джанси қаласында Махарани Лакшми Байдың медициналық колледжінде өрт шықты. Онда жаңа туған нәрестелердің жансақтау бөлімі жанып кеткен. Кемі 10 жаңа туған нәресте көз жұмып, тағы 20 шақты шақалақ ауыр халде жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі DW сайтына сілтеме жасап.

"Анықталмаған мәйіттер бар"

Өткен түні Джансидегі Махарани Лакшми Бай медициналық колледжінің жаңа туған нәрестелерге арналған реанимация бөлімінде өрт шыққаны хабарланды.

"Жеті мәйіттің кім екені анықталды. Үш мәйіттің аты-жөні әлі анықталған жоқ", - деді штаттың бас министрінің орынбасары Бражеш Патхак журналистерге.

Тағы 16 сәбидің жағдайы ауыр деп жазады үндістандық Times Now басылымы. NDTV арнасының хабарлауынша, өрт шыққан кезде жаңа туған нәрестелердің жансақтау бөлімінде 54 сәби болған.

Өрттің шығу себебі

AFP атап өткендей, Үндістанда құрылыс тәжірибесінің нашарлығына, адамдардың көптігіне және қауіпсіздік ережелерінің сақталмауына байланысты өрт жиі болып тұрады.

Жергілікті әкімшілік қызметкері Авинаш Кумар өрттің шығуына қысқа тұйықталу себеп болғанын айтты.

"Біз өрттің шығу себебін анықтау үшін комиссия құрдық", - деді билік өкілдері.

Премьер-министрдің көңіл айтуы

Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди оқиғаны "жанды жаралайтын" трагедия деп атады.

"Жазықсыз балаларынан айырылғандарға қайғырып көңіл айтамын. Құдайдан оларға осы үлкен қайғыны көтеруге күш-қуат берсін деп дұға етемін", - деп жазды ол Х әлеуметтік желісінде.

Еске салайық, биыл маусым айында Үндістанның Уттар-Прадеш штатында болған жантүршігерлік кептелістен кемі 107 адам қаза тапқан болатын. Олардың көпшілігі әйелдер.

Ал 13 қарашада Пәкістанда тойға келген қонақтарды тасымалдаған автобус өзенге батып, 22 адам қаза тапты.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Д. Литпин