Алакөлге қатысты сын: Жетісу облысының әкімі Тоқаевқа есеп берді

Алакөлге қатысты сын: Жетісу облысының әкімі Тоқаевқа есеп берді
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есеп беріліп, алдағы кезеңге арналған жоспары таныстырылды.

Облыс әкімінің айтуынша, биылғы бірінші жартыжылдықта өңірге 178 миллиард теңге (өсім - 29,5 пайыз) инвестиция тартылған.

"2025-2027 жылдарға арналған инвестициялық портфель жасақталып, оған жалпы құны 2,6 триллион теңге болатын 128 жоба енгізілді. Олардың аясында 10,6 мың жұмыс орны ашылады. Тау-кен байыту комбинаты, "Қазақстан – Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы" индустриалды паркі, жел электр стансаларының зауыты, халықаралық әуежай салынады", - деді өңір әкімі.

Мемлекет басшысына агроөнеркәсіп кешенінің дамуы туралы мәлімет берілді. Биыл облыста 540 мың тонна қызылша жинау және 78 мың тонна қант өндіру жоспарланып отыр.

Президентке өңірдің көлік-логистикалық және транзиттік әлеуетінің жай-күйі, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, елді мекендерді газбен қамтамасыз ету, сондай-ақ, әлеуметтік инфрақұрылымдарды салу және жөндеуден өткізу туралы баяндалды.

Кездесуде туристік салаға баса назар аударылды. Бейбіт Исабаевтың айтуынша, Алакөлдің жағасындағы инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағы жөндеуден өткен. Өңірде кәріз және электр желілерін жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр.

"Балқаш" туристік-рекреациялық аймағының бас жоспары әзірленді. Лепсі ауылы – Балқаш көлі жағалауы автожолы реконструкциядан өтіп, инженерлік инфрақұрылым салу жобасы іске асырылып жатыр. Жыл соңына дейін Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай автожолының құрылысы аяқталады", - деді әкім.

Қасым-Жомарт Тоқаев қант өндірісін одан әрі дамытудың, тұрғындарды көгілдір отынмен қамтамасыз етудің, туристік инфрақұрылымды жетілдірудің және демалушыларға қолайлы жағдай жасаудың маңызына тоқталды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала нысандарының алдағы жылыту маусымына дайындығын бақылауда ұстауды тапсырды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget