- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алакөлдің жағасынан күніне...
Алакөлдің жағасынан күніне 10 тонна қоқыс шығарылады
Коммуналдық қызмет мамандары көл жағасын таңғы сағат 05:00-ден кешкі 22:00-ге дейін тазалайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жағалаудың ұзындығы - 3,8 шақырым. Жазғы туристік маусымда көл жағалауында санитарлық тазарту жұмыстарымен Үржар ауданы әкімдігінің "Мақаншы" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны айналысады. 30-ға жуық жұмысшы жағалау мен арбатты күніне 3 рет, тротуарлар, автомобиль жолдарының жиектерін 1 рет қоқыстан, тұрмыстық қалдықтардан тазартады.
Сонымен қатар жағалаудағы санитарлық тазалықты сақтау мақсатымен жаңадан қосымша 200 дана қоқыс жәшігі алынды. Бұдан бөлек, жағалау мен арбатқа тағы 40 қоқыс жәшігі қойылған. "Мақаншы" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны өкілдерінің мәліметінше, көл жағасынан күніне шамамен 10 тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылады.
Абай облысының ең танымал туристік орны Алакөлдің жағасында күніне 15-20 мың адам демалады. Былтыр бір маусымда шипалы суға түскен туристер саны 1 миллионнан асқан. Ал биыл еліміз бен алыс-жақын шетелдерден келетін демалушылардың саны былтырғы көрсеткіштен де асады деген болжам бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы