Алакөлде 4 демалыс орны өртеніп, жеті адам зардап шекті - деп хабарлайды Мassaget.kz тілшісі ШҚО Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
"Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өртсөндірушілері, жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметкерлері мен тұрғындардың бірлескен күшімен 5 шілде күні сағат 05.40-та өрт сөндірілді. Өрт 3000 шаршы метрге жайылды. 4 демалыс орны өрттен зардап шекті.
Медициналық көмекке жүгінген 7 адам тексерістен кейін ауруханаға жатқызуды қажет етпеді", - деді ТЖД.
Өрт орнына әкімдіктерден, Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінен, Полиция департаментінен, Тарбағатай ұлттық паркінен және Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментінен 186 адам мен 29 техника жұмылдырылды.
Еске салайық, 4 шілдеде 23:20-да Үржар ауданындағы Алакөл көліндегі демалыс базаларының бірінде өрт шыққан болатын.