Әлеуметтік желілерде демалыста жарақат алған ер адамның видеосы тарап жатыр. Видео Алакөлде түсірілген. Зардап шеккен адамның жағдайы туралы Жетісу облысының Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі өкілдері айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға 30 шілдеде болған.
"Бүгін Алакөлде су мотоциклі адамды қағып кетті, зардап шеккен адамның аяғын жұлып кеткен. Анық-қанығы анықталып жатыр", - делінген видео жазбасында.
Әлеуметтік желі қолданушылары ер адамның демалыста зардап шеккеніне наразы.
"Қауіпсіздік нөл. Адамдардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмейтін жерде туризм ашып, не керек?", "Кінәліні қатаң жазалау керек", "Сауығып кетсін", - деп жазды Желі қолданушылары.
Жетісу облысының Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәліметінше, 1984 жылы туған ер адам зардап шеккен. Ол 30 шілдеде сағат 16.00-де ауруханаға жеткізілген. Қазір оның жағдайы өте ауыр деп бағаланады.
Оқиғаға қатысты өңірдің Полиция департаменті өкілі де пікір білдірді.
"Бұл дерек бойынша Алакөл аудандық полициясының қызметкерлері айналысады. Соталды тергеп-тексеру ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабы бойынша жүргізіледі. Қылмыстық істі аудандық полиция басшылығы ерекше бақылауға алды", - деді ПД өкілі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!