Алакөлде құлаған дельтапланның турист қыдыртуға рұқсаты болмаған. Азаматтық авиция комитеті бүгін бір айға созылған тергеу нәтижесінің қорытындысын жариялады — ұшу апараты бұған дейін еш жерде тіркелмеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Бұл әуе кемесі азаматтық әуе көліктерінің мемлекеттік тізімінде тіркелмеген, тиісінше, ұшуға жарамды деген сертификаты да жоқ. Әлеуметтік желіде әуе кемелерінде, шарда және өзге де ұшу аппараттарында әуе сапарын жарнамалау жиілеп кетті. Ұшу қауіпсіздігіне күмәніңіз болса, ақпарат алу үшін Азаматтық авиацияға хабарласып, ақпаратты анықтаңыздар", - деді ҚР Авиация әкімшілігінің бас директоры Каталин Раду.
Ұшқыштың да ұшақ басқарып әуеге көтерілуге рұқсаты болмапты. Себебі дельтапланды басқаратын лицензиясының біліктілік мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Ал азаматтық авиация комитеті соңғы жағдайларға байланысты демалыс орындарындағы мұндай сауық-сайран құралдарын жіті тексеруді бастаған. Ұшқыштардан да қажет құжаттарды талап ету маңызды екендігін ескертеді.
Еске салайық, Жетісу облысы Ақши ауылының маңында бір ай бұрын көл үстіне дельтаплан құлайды. Борттағы екі адам да аман. Сүйегі сынған екеуі біраз уақыт ауруханада жатып шыққан.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз