Алакөлде катер 63 жастағы зейнеткер әйелді қағып өлтірді

Алакөл көлінде қайғылы жағдай болды. Жүзіп бара жатқан катер 63 жастағы әйелді қағып өлтірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Туризм және спорт министрлігі қайғылы оқиғадан қаза тапқан Галина Сизикованың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

"Біз отбасы мүшелерінің қайғысына ортақтаса отырып, бұл қайғылы жағдайдың барлық мән-жайын жан-жақты және әділ тергеуге, сондай-ақ кінәлілерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартуға сенім артамыз. Министрлік туристік маусым алдында жергілікті атқарушы органдар мен орталық құзырлы мемлекеттік органдардың назарын, әсіресе жағалау мен су айдындарындағы демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігіне аударған болатын", - деп атап өті министрлік өкілдері.

Сонымен қатар, су көлігі қызметін реттеу мәселелері, оның ішінде лицензиялау, басқаруға рұқсат беру, техникалық тексеріс және шағын көлемдегі кемелерді тіркеу Туризм және спорт министрлігінің құзыретіне жатпайтыны айтылды.

"Осыған байланысты, министрлік Көлік министрлігіне, Ішкі істер министрлігіне, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға ресми хат жолдап, су айдындарында демалушылардың қауіпсіздігін бақылауды күшейту және мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін барлық қажетті шараларды қабылдау жөнінде қатаң ұсыныс білдірді. Министрлік туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар жүйесін жетілдіру және уәкілетті құрылымдар тарапынан ақпараттандыру, алдын алу және бақылау мәселелерін қоса алғанда, ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту жұмыстарын жалғастырады", - делінген хабарламада.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!