Алакөл жағалауында екі гидроцикл соқтығысып, салдарынан бір адам қаза тапты. Тағы бір адам ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға Жетісу облысы Алакөл ауданына қарасты Ақши ауылындағы демалыс орындарының бірінің маңында болған.
Әлеуметтік желіде тараған мәліметке сүйенсек, гидроциклдер кешкі уақытта соқтығысқан. Жарақат алғандардың бірі оқиға орнында көз жұмып, екіншісі ауыр халде ауруханаға жеткізілген.
"Алакөл көлінің жағалауында екі гидроцикл соқтығысты. Соның салдарынан бір адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды, екіншісі ауыр халде ауруханаға жеткізілді", - деп жазды желі қолданушысы.
Жетісу облыстық төтенше жағдайлар департаменті бір адамның қаза тауып, тағы бір адамның жараланғанын растады.
"Қазір дерек бойынша Алакөл аудандық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Құтқарушылар навигациялық шамдармен жабдықталмаған шағын көлемді кемелерді қараңғы уақытта пайдалануға тыйым салынатынын еске салды.
Шілде айының басынан бері ТЖД қызметкерлері судағы қауіпсіздік талаптарын және шағын көлемді кемелерді пайдалану ережелерін бұзу деректері бойынша 108 әкімшілік хаттама толтырған.
Ауруханаға жеткізілген ер адамға жабық бассүйек-ми жарақаты, ми шайқалуы, мұрын сүйегінің сынуы және маңдай тұсының жыртылып-соғылған жарақаты диагнозы қойылды.
Дәрігерлердің мәліметінше, науқастың бас миы мен мойын омыртқасына компьютерлік томография жасалған. Тексеру барысында бассүйек пен мойын омыртқасында сүйек зақымы анықталмаған.
Науқас қосымша тексеру, бақылау және ем алу үшін травматология бөліміне жатқызылды. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында.
Еске салайық, бұған дейін Алакөлдегі Көктұма ауылы маңындағы демалыс аймағында егде жастағы турист әйел катердің винтіне түсіп, екі аяғынан айырылған еді. Бұл дерек бойынша да қылмыстық іс қозғалған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз