Жетісу облысында Алакөл жағасында демалып жүрген 69 жастағы әйел катер винтіне түсіп, екі аяғынан айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қайғылы оқиға Алакөл ауданындағы Көктұма ауылының маңындағы демалыс аймағында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жағалауға демалуға келген әйел артқа қарай қозғалған үлкен катердің винтіне түсіп қалған.
Оқиға орнында түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады. Кадрлардан бірнеше адамның зардап шеккен әйелге көмектесуге тырысып жатқанын көруге болады.
Жазба авторының айтуынша, әйел шұғыл түрде аудандық ауруханаға жеткізілген. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында.
Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасы әйелдің ауруханаға жеткізілгенін растады. Дәрігерлер оған ауыр аралас жарақат, сол аяғының толық және оң аяғының ішінара үзілуі деген диагноз қойған.
Зардап шеккен әйел көп қан жоғалтып, ауыр шок жағдайына түскен. Ауруханаға жеткізілген кезде оның жағдайы өте ауыр әрі өміріне қауіп төндіреді деп бағаланған.
"Сыртқы қан кету жалғасып, қан айналымы айтарлықтай бұзылды және артериялық қысымы төмендеді. Шұғыл консилиум өткізіліп, шокқа қарсы шаралар қабылданғаннан кейін науқасқа өмірлік көрсеткіштер бойынша жедел ота жасалды. Екі аяғы да санның төменгі үштен бір бөлігі тұсынан кесілді. Сондай-ақ жараларға алғашқы хирургиялық өңдеу жүргізіліп, зақымданған тіндер тексерілді, қан тоқтатылып, аяқ тұқылдары қалыптастырылды", — деп мәлімдеді ведомство.
Дәрігерлердің айтуынша, отадан кейінгі кезең де өте ауыр өтіп жатыр. Науқас тәулік бойы қатаң бақылауда.
Әзірге оқиғаға байланысты құқық қорғау органдары тексеру бастаған-бастамағаны белгісіз. Редакция Жетісу облысының полиция департаментіне ресми сауал жолдады.
Айта кетейік, бұған дейін Алакөлде жағадан 50 метр қашықтықта бір әйел суға батып кеткен еді. Қайғылы жағдай шомылуға тыйым салынған жерде болған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!