Биыл Алакөлде шомылу маусымы әдеттегіден ерте басталады. Шипалы қасиетімен де танымал мекенге әуе немесе теміржол арқылы және көлікпен жетуге болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ге сілтеме жасап.
Алакөлде биыл шомылу кезеңі 5 маусымда басталады. Мамандардың айтуынша, емдік қасиеті мол, тұзды суға келушілер саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, былтыр 1 миллионнан аса адам келсе, оның біразы алыс-жақын шетелден келген туристер.
Келушілерді асыға күткен демалыс орындары дайындықты 2 ай бұрын бастап кеткен. Кәсіпкер Зура Молдаханованың бұл бизнеске келгеніне биыл 18 жыл. "Саланың қыр-сырын жетік білемін" деген басшы туристердің көңілінен шығу үшін жылда қонақүйді әктеп-сылауға қыруар қаржы жұмсайтынын айтады. Өйткені саңырауқұлақтай қаптаған демалыс орындары арасында бәсеке жоғары. Бірақ сұраныс та жоқ емес.
"Біз күрделі жөндеу жұмысын істеп жатырмыз. Тал егіп, гүл өсіріп жатырмыз. 200 адамға арналған демалу орны бар. Шілдеде толық бос болмайды", - дейді кәсіпкер Зура Молдаханова.
Демалыс орнының басшысы биыл жаңашылдық енгізіп, туристерді тәнті етуге тырысатынын айтты.
"Суды өзіміз құрылғы арқылы шығарамыз. Жарық сөнсе, сусыз қаламыз. Содан кейін жарық мәселесі бар. Былтыр жазда қиын болды. Өшіп қала береді. Бізде сервис әлі әлсіз. Шетелдегідей қонақүй сала алмаймыз, қаражат жетпейді. Ал несие алайын десең, пайызы көп", - дейді кәсіпкер Зура Молдаханова.
Алакөлдің Ақши жағалауындағы 25 мыңға жуық келушіні қабылдай алатын 292 демалыс орнының қатары биыл тағы 14 орынмен толығады. Былтыр 9 миллиард теңгеден аса қаражатқа қызмет көрсетілсе, биыл бұл сан 11 миллиард теңгеге жетуі мүмкін.
"Отандық туризмді дамыту бойынша мемлекеттен іс-шара көп қабылданған. Оның ішінде, Алакөл көлі 10 туристік нысандар тізіміне енгізілген. Соның арқасында, Алакөл көліне туристерге сапалы қызмет көрсетуге іс-шаралар жасалды. Әуежай қазір жұмыс істеп тұр. Вокзал 2018 жылы салынып, қолданысқа берілген. Былтыр мемлекет тарапынан 11 пойыз жолына субсидия бөлініп, туристерді тасымалдады", - деді Алакөл аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дәулет Жуандықов.
Ал курорттық аймақ болған соң, бағаны ұстап тұру мүмкін емес. Биыл демалыс орындары қызмет құнын тағы көтеруге мәжбүр. Өйткені азық-түлік бағасы қымбат. Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы қонақүйдегі бір күндік түнеу шамамен 8 мың теңгеден басталатынын айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!