“Әлі күнге дейін мүгедектігі бар азаматтардың тілін толық түсініп болған жоқпыз“ - депутат

“Әлі күнге дейін мүгедектігі бар азаматтардың тілін толық түсініп болған жоқпыз“ - депутат
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова жыл сайын елімізде мүгедектігі бар азаматтардың құқығы бұзылуына байланысты құқық қорғау органдарына 45 мыңнан аса өтініш түсетінін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттың пікірінше, бұл жай статистика емес, бұл - қоғамнан шет қалып отырған адамдардың дауысы. Бүгінде елімізде есту және сөйлеу қабілеті бұзылған 30 мыңнан аса адам бар. Оның 5 мыңға жуығы - балалар.

"Олар үшін ымдау тілі жай қарым-қатынас құралы емес. Бұл - олардың әлеммен байланысы. Бұл - олардың тілі. Бірақ парадокс мынада: Қазақстанда ымдау тілі әлі күнге дейін заңнамалық деңгейде мойындалмаған. Салдарынан мыңдаған азамат ақпаратқа, білімге, жұмыс істеуге, мемлекеттік қызметтерге толық қол жеткізе алмай отыр. Бұл - тең мүмкіндік мәселесі. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін осы азаматтардың тілін толық түсініп болған жоқпыз", - деді ол.

Екатерина Смолякованың айтуынша, бүгінде жоғары оқу орындарында осы санаттағы студенттердің саны - небәрі 185 адам.

"Неге? Себебі орта бейімделмеген. Қолжетімділік әлсіз. Қолдау жеткіліксіз. Әлеуметтік кодексте ымдау тілі тұлғааралық қатынас құралы ретінде танылмаған. Нәтижесінде ымдау тілі дербес қарым-қатынас тілі ретінде қарастырылмай, тек сурдоаударма қызметі шеңберінде қарастырылады. Яғни мемлекет сурдоаудармашының қызметін ғана мойындап отыр. ...Әлемдік тәжірибе мүлде басқа. Жаңа Зеландия ымдау тіліне мемлекеттік мәртебе берді. Финляндия оны Конституцияда бекітті. Көптеген елде ымдау тілі білім беру мен мемлекеттік қызметтің ажырамас бөлігіне айналған. Ал бізде есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға сабақ беретін сурдопедагогтардың саны - небәрі 221 маман. Бұл мамандарды елімізде тек 4 жоғары оқу орны дайындайды. Ал осы мамандықта оқып жатқан студенттер саны - бар болғаны 35 адам. Бұл - кадр тапшылығының нақты көрінісі", - деді ол.

Депутат осы мәселелерге байланысты ымдау тілін толыққанды қарым-қатынас тілі ретінде заңнамалық деңгейде тануды, оның білім беру, медицина, сот, мемлекеттік қызмет және БАҚ салаларында қолданылуына нақты кепілдік беруді, сурдоаударма қызметінің шегін қайта қарауды, сурдоаудармамен және субтитрмен берілетін контент көлемін арттыруды; сурдопедагог мамандарын даярлау көлемін ұлғайтуды сұрады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget