- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Әлі күнге дейін...
"Әлі күнге дейін жарыққа шыққан жоқ". Президент Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеуді тапсырды
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайды маңызды мәселелерге тоқталды. Соның ішінде Қазақстан тарихының көптомдық жинағын әзірлеуді тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту өте маңызды. Дамыған мемлекеттің бәрі толық зерттелген төл шежіресін дәріптеуге айрықша мән береді. Бұл істе ел тарихының көп томдық жинағы басты рөл атқарады. Қазақстан тарихының жаңа ғылыми ұстанымдарға сай әзірленген көп томдық жинағы әлі күнге дейін жарыққа шыққан жоқ. Өкінішке қарай, стратегиялық маңызы бар осы мәселе тәуелсіздік жылдарында толық шешімін таппады. Сондықтан, мен "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаламда осыған арнайы тоқталдым. Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы бастама көтердім. Бұл жұмысқа еліміздің және шетелдің бір топ ғалымдары жұмыла кірісті. Ежелгі заманнан бүгінге дейінгі аралықты қамтитын жеті томдық жинақты әзірлеу үшін біраз шаруа атқарылды. Жиналған материалға енді стилистикалық және ғылыми редакция жасалуы керек. Сондай-ақ, жинақты бірыңғай үлгіде безендірген жөн. Еңбекте осыған дейін жіберілген тұжырымдамалық қателіктер мен кемшіліктер қайталанбауы қажет. Оған соңғы кезде ашылған тарихи жаңалықтар түгел енгізілуі керек. Қарама-қайшы мәліметтер болмауға тиіс", - деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы бұл жұмысты келесі жылдың ортасына дейін бітіруді тапсырды.
"Қазақстан аумағында өткен тарихи оқиғалардың әлемдік үдерістермен тығыз байланыста сипатталуы маңызды. Бір сөзбен айтсақ, жеті томдық еңбекте еліміздің шынайы шежіресі толығымен жазылуы қажет. Көптомдықтың тілі - жеңіл, мәтіні - кез келген жастағы оқырманға түсінікті болуы керек. Бұл - аса маңызды мәселе. Қазақстан тарихының көптомдық жинағын келесі жылдың ортасына дейін әзірлеуді тапсырамын. Содан соң ол ғылыми ортада кеңінен талқылануы керек. Бұл еңбек ұлттың тарихи сана-сезімін жаңғыртуға, мемлекеттілігімізді нығайтуға зор үлес қосары сөзсіз. Біз сан ғасырлық тарихымызды мақтан етеміз. Тамыры терең төл шежіреміз - халқымыздың мәдени кодының өзегі. Оны жан-жақты зерттеп, ой елегінен өткізуге және барынша дәріптеуге қажетті жағдай жасауымыз керек. Бұл - мемлекеттің негізгі міндетінің бірі. Тарихи танымды кеңейтуге зор үлес қосатын тағы бір маңызды сала - археология. Алматыдағы Археология институты - еліміздің бірегей тарихи мұрасын жүйелі зерттеумен айналысатын басты ғылыми мекеме. Өкінішке қарай, оның қазіргі жағдайы мүшкіл. Мекемені жаңғыртып, оның жұмысына тың серпін беру үшін институтқа барынша жағдай жасау қажет. Оны тиісті ресурстармен қамтамасыз ету керек. Институт жанынан тарихи жәдігерлердің арнайы қорын жасақтаған жөн. Мұндай тәжірибе әлем елдерінде кеңінен таралған", - деді Президент.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова