әл-Фарабидегі жантүршігерлік жол апаты: полицейлердің жарысқа қатысы бар ма?

Алматыда әл-Фараби даңғылында үш адамның өліміне әкеп соққан жарысқа "полицейлердің қатысы болуы мүмкін" деген ақпарат тексеріліп жатыр. Бұл дерек бойынша қызметтік тергеу басталған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болды. Батыс бағытта жоғары жылдамдықпен келе жатқан Zeekr қарсы жолаққа шығып кетіп, шығысқа қарай кетіп бара жатқан Mercedes көлігін соққан.

Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы (22 және 20 жастағы қыздар) оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды.

Көліктер жарысқаны рас па?

Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде жол апатына қатысты видеолар тарады. Видео авторларының айтуынша, жол апатына көліктер жарысқаны себеп болуы мүмкін. Олардың сөзінше, бұл жарысқа Полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкері қызметтік көлікпен қатысқан болуы мүмкін.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те бұл оқиғаға полицейдің қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ол өз күдігін әлеуметтік желілерде жарияланған видеоға негіздеді.

"Алматы полициясының жоғары лауазымды қызметкерінің жарысқа қатысы бар ма? әл-Фараби бойындағы үш адамның өліміне әкеп соққан жарысқа қатысқандардың бірі полицей болды деген күдік бар. Сол себепті бәрі жасырып отыр. ІІМ-нен түсініктеме беруді сұраймын", - деп жазды Мұрат Әбенов.

Депутат бөліскен видеода ер адам жарысқа қатысушылардың бірі Полиция департаменті бастығының орынбасарларының бірі болуы мүмкін екенін айтады.

Полицияның пікірі

Алматы Полиция департаменті қызметтік тергеу басталғанын хабарлады.

"Полиция департаменті қызметтік тергеу жүргізіп жатыр, нәтижесінде құқықтық баға беріледі. Қызметкерлердің кінәсі анықталса, ең қатаң шара қолданамыз", – деп мәлімдеді Алматы ПД бастығы Айдын Қабдолдинов.

Сондай-ақ, Полиция департаментінің бастығы Zeekr көлігінің жүргізушісі қазір ауруханада екенін айтты. Оның сөзінше, жүргізушінің жағдайы тұрақталғаннан кейін оған қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!