әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: тағы бір жәбірленуші отбасы айыпталушыны кешірді

Алматыда әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апаты бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. 8 маусымда сотта қаза тапқан үшінші адамның жақындары сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Дүйсенбіде таңғы сағат 10.00-ге жоспарланған сот отырысы 45 минутқа кешігіп басталды. Куәгерлердің бірі онлайн режимде қосыла алмаған.

Бүгін сотта марқұм Т.-ның анасы сөз сөйледі.

"21 наурызда таңғы сағат 9-да маған хабарласып, қайғылы жағдайды естіртті. Осыдан кейін сүйекті тануға бардым. Оның туған анасымын. Ешқандай шағымым жоқ. Барлығы заң жүзінде болсын, сот қалай шешсе, солай болады", - деді ол.

Сондай-ақ, ол арызды өз қолымен жазғанын айтты.

"Айыпталушыға да, басқаға да шағымым жоқ", - деді әйел.

Сонымен қатар, сотта арыз оқылды.

"Жол апатының ауыр салдарына және қызымның қазасына қарамастан, мен және менің жақын туыстарым А.П.-ны кешіреміз. Біз татуластық. Айыпталушы кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінеді, кешірім сұрады. Келтірілген материалдық және моральдық шығынды толық көлемде өтеді, мұны растаймыз. Қазір менің және басқа туыстарымның А.П.-ға ешқандай материалдық немесе моральдық талабы жоқ. Сондай-ақ, болашақта да болмайтынын растаймыз", - деп жазылған арызда.

Өтініш қылмыстық іс материалдарына тіркелді.

әл-Фарабидегі жол апаты

Еске салайық, 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болды. Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы (22 және 20 жастағы қыздар) оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Кейінірек Zeekr көлігінің жүргізушісі тергеу изоляторына жеткізілді.

Осы оқиғадан кейін бірнеше лауазымды полицей қызметінен босатылды. әл-Фараби даңғылында болған жол апаты бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды. Қазір осы іс бойынша сот өтіп жатыр.

1 маусымда өткен сот отырысында марқұмдардың туыстары айыпталушыға кешірім беріп, соттан оған шартты жаза тағайындауды сұрады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!