әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: полиция тың дерек жариялады

әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: полиция тың дерек жариялады
Фото: ІІМ

Алматыда әл-Фараби даңғылында болған жол апаты бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің тапсырмасымен Алматы қаласында болған жол апаты алғашқы сәттен бастап ерекше бақылауға алынған. Сонымен қатар, айтылған барлық уәж тексеріліп жатыр.

"Жол апаты бойынша бұған дейін қылмыстық іс қозғалған болатын. ZEEKR көлігінің жүргізушісіне сот санкциясымен қамауға алу шарасы қабылданды. Жол апаты кезінде ол жеңіл дәрежеде масаң күйде болған. Сондай-ақ, министрдің тапсырмасы бойынша қызметтік тексеріс басталды. Алматы қаласына Өзіндік қауіпсіздік департаментінің, Әкімшілік полиция комитетінің және Жеке құраммен жұмыс департаментінің басшылары тәжірибелі қызметкерлермен бірге жіберілді. Мемлекеттік нөмірлер заңсыз берілуі мүмкін деген уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаменті қылмыстық іс қозғады", - деп жазылған хабарламада.

Полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік дерегі бойынша да қылмыстық іс қозғалған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.

"Барлық мән-жай, соның ішінде медиакеңістікте таралып жатқан ақпарат жан-жақты тексеріледі. Анықталған кемшіліктерге байланысты кадрлық шешімдер қабылданды. Министрдің бұйрығымен Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ, әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметінен босатылды. Заңбұзушылықтар расталған жағдайда оқиға қатысушылары да, лауазымды тұлғалар да жауапқа тартылады. ...Заң бәріне бірдей, ешкімнің лауазымы, жағдайы немесе байланысы артықшылық бермейді", - деді департамент бастығы - ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.

Еске салайық, 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болды. Батыс бағытта жоғары жылдамдықпен келе жатқан Zeekr қарсы жолаққа шығып кетіп, шығысқа қарай кетіп бара жатқан Mercedes көлігін соққан.

Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы (22 және 20 жастағы қыздар) оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды.

Сонымен қатар, әл-Фараби даңғылында үш адамның өліміне әкеп соққан жарысқа "полицейлердің қатысы болуы мүмкін" деген ақпарат тексеріліп жатыр. Бұл дерек бойынша қызметтік тергеу басталған. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget