Алматыда әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін сотта айыпталушыдан жауап алу жоспарланған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сот отырысына тағы бір жәбірленуші - жол апатынан қаза тапқан Mercedes көлігінің жүргізушісі Е.Т.-ның туысы К.Т. қосылды.
"21 наурызда таңғы 7:30-да қарындасым хабарласып, Е.-ден айырылып қалғанымызды айтты. Күйеу баламыз екеуіміз мәйітханаға барып, оны таныдық. Одан кейін арыз жаздық. Құжаттарын, телефонын, заттары мен сағатын алып кеттім. Менің ешқандай талабым жоқ, оған кешірім бердік, әрі қарай бәрі заң бойынша болсын", - деді Е.-нің ағасы.
Бүгін Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында айыпталушы А.П.-дан жауап алынады деп жоспарланып отыр. Ол денсаулығына байланысты процеске тергеу изоляторынан бейнебайланыс арқылы қосылған.
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болды. Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы (22 және 20 жастағы қыздар) оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Кейінірек Zeekr көлігінің жүргізушісі тергеу изоляторына жеткізілді.
Осы оқиғадан кейін бірнеше лауазымды полицей қызметінен босатылды. әл-Фараби даңғылында болған жол апаты бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды. Қазір осы іс бойынша сот өтіп жатыр.
1 маусымда өткен сот отырысында марқұмдардың туыстары айыпталушыға кешірім беріп, соттан оған шартты жаза тағайындауды сұрады.
Сонымен қатар, бұған дейін полицейге қатысты тергеу аяқталды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!