Алматыда әл-Фараби даңғылында болған жол апатына қатысты тағы бір қылмыстық іс тоқтатылды. ІІМ өкілдері мән-жайды айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
26 наурызда, әл-Фараби даңғылындағы жол апатынан бірнеше күн өткен соң, ІІМ мәлімдеме жасаған еді. Сол кезде ведомствоның ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев "мемлекеттік нөмірлер заңсыз берілуі мүмкін" деген уәж бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаменті қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.
Бұған дейін ІІМ бұл іс ҚК-нің 362-бабы 1-бөлігі "Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану" бойынша тергеліп жатқанын нақтылады. Енді бұл іс тоқтатылғаны белгілі болды.
"3 маусымда Қылмыстық кодекстің 362-бабы 1-бөлігі бойынша соталды тергеп-тексеру ҚІЖК-нің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағы негізінде, яғни қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмауына байланысты тоқтатылды", - деді ІІМ өкілдері.
Айыптау мәліметі бойынша айыпталушы көлікті тіркеу құжаттарына сәйкес келмейтін 100 QR 02 нөмірмен басқарған.
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болды. Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы (22 және 20 жастағы қыздар) оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Кейінірек Zeekr көлігінің жүргізушісі тергеу изоляторына жеткізілді.
Осы оқиғадан кейін бірнеше лауазымды полицей қызметінен босатылды. әл-Фараби даңғылында болған жол апаты бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды. Қазір осы іс бойынша сот өтіп жатыр.
1 маусымда өткен сот отырысында марқұмдардың туыстары айыпталушыға кешірім беріп, соттан оған шартты жаза тағайындауды сұрады.
Сонымен қатар, бұған дейін полицейге қатысты тергеу аяқталды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!