әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апаты: тағы бір қылмыстық іс қозғалды

Алматыда әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апаты бірнеше айдан бері қызу талқыланып жатыр. Бұған дейін жәбірленуші отбасының мүддесін қорғаған Мейірман Шекеев айыпталушыны арашалап қалғысы келген куәгерлерге қатысты жаңа қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл іс Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Еркін Майшиновтың төрағалығымен қаралып жатыр. Бұған дейін прокурор айыптау актісін оқып, ресми сараптамалардың қорытындысын жариялады.

Іс материалдарына сүйенсек, айыпталушы рөлге жеңіл дәрежедегі мас күйде отырған (1,30 промилле), ал оның көлігінің соқтығысар алдындағы жылдамдығы сағатына 219 шақырымға жеткен.

Мейірман Шекеев айыпталушымен трагедия алдында бірге болғандарға қатысты жеке іс қозғалғанын айтты.

"Айыпталушының қасында болған төрт адамға қатысты көрінеу жалған айғақ бергені үшін Қылмыстық кодекстің 420-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол ішімдік ішкенде бірге болғандар туралы сөз болып отыр", - деді ол.

Заңгердің пікірінше, Zeekr жүргізушісінің таныстары тергеуді шатастырмақ болып, күдікті мас болғанын жоққа шығарған.

"Бастапқыда бұл төртеуі күдікті А.П. мүлдем ішімдік ішпегенін айтқан. Алайда кейін медициналық сараптама қорытындысы шығып, басқа да дәлелдер табылды. Осыдан кейін тергеуші бұл эпизодты жеке өндіріске бөліп, материалдарды тергеуге жолдады", – деді ол.

Айта кетейік, заңгер Мейірман Шекеев қаза тапқан 22 жастағы К.-ның отбасының мүддесін бұдан былай қорғамайды. 1 маусымда сотта қыздың анасы айыпталушыны кешіргенін және өз өкілдерінің қызметінен бас тартатынын мәлімдеді. 

әл-Фарабидегі жол апаты

Еске салайық, 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болды. Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы (22 және 20 жастағы қыздар) оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Кейінірек Zeekr көлігінің жүргізушісі тергеу изоляторына жеткізілді.

Осы оқиғадан кейін бірнеше лауазымды полицей қызметінен босатылды. әл-Фараби даңғылында болған жол апаты бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды. Қазір осы іс бойынша сот өтіп жатыр.

1 маусымда өткен сот отырысында марқұмдардың туыстары айыпталушыға кешірім беріп, соттан оған шартты жаза тағайындауды сұрады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!