әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апаты: сотта марқұмдардың жақындары сөйледі

Алматыда әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты сот процесінде марқұмдардың туыстары жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сотта алғаш болып Mercedes көлігін басқарған марқұмның әпкесі сөйледі. Оның айтуынша, отбасы қайғылы хабарды таңғы уақытта естіген. 

"Інім компьютер клубында әкімші болып жұмыс істейтін және маған үнемі көмектесетін. Жол апаты салдарынан көлік қатты бүлінді. Бұл шығын өтелді ме, жоқ па, білмеймін, бірақ көлік тас-талқан болды", - деді жәбірленуші.

Сот отырысында айыпталушының адвокаты марқұмның туыстары бұған дейін айыпталушымен татуласу туралы арыз жазғанын мәлімдеді. Құжатта айыпталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінгені, кешірім сұрап, материалдық және моральдық шығынды өтегені көрсетілген.

Сондай-ақ, марқұмның туыстары соттан айыпталушыға бас бостандығынан айыру емес, басқа жаза тағайындауды сұраған. 

Tengrinews.kz

"Оны шартты түрде соттау жеткілікті, өйткені бауырымыздың қазасына байланысты оны толық кешірдік. Қазір оған ешқандай талабымыз жоқ және болашақта да болмайды", - деп жазылған арызда.

Сотта марқұмның әпкесі бұл арызды өз қолымен жазғанын растаған.

Кейін сотта жол апатынан қаза тапқан 2003 жылы туған қыздың анасы жауап берген. Ол оқиға болған күнгі қызының соңғы сәттерін еске алып, көз жасына ерік берді.

Әйелдің сөзінше, қызы таңертең жұмыстан үйге келіп, кейін ақша табу үшін қайта шығып кеткен. Түнде анасымен телефон арқылы сөйлесіп, жолаушыларын түсірген соң үйге оралатынын айтқан. Алайда бұл олардың соңғы әңгімесі болған.

Келесі күні отбасы қызы көз жұмғаны туралы хабар алған. Анасы соңғы сәтке дейін қызы ауруханада тірі екеніне үміттенгенін жеткізді.

Марқұм қыздың отбасы да айыпталушыны кешіргенін растады. Олар айыпталушы кінәсін мойындап, келтірілген шығынды өтегенін айтып, оған ешқандай талабы жоқ екенін мәлімдеді.

Жол апатынан қаза тапқан үшінші адам, яғни 2005 жылғы Т.-ның отбасы бұл отырыста сөйлеген жоқ. Сот жәбірленуші тараптан жауап алуды бейсенбі, 4 маусымға, қалдырды.

әл-Фарабидегі жол апаты

Еске салайық, 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болды. Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы (22 және 20 жастағы қыздар) оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Кейінірек Zeekr көлігінің жүргізушісі тергеу изоляторына жеткізілді.

Осы оқиғадан кейін бірнеше лауазымды полицей қызметінен босатылды. әл-Фараби даңғылында болған жол апаты бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!