Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Санжар Әділов Алматыда әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жантүршілерлік жол апаты бойынша тараптар татуласуы бұл іске қалай әсер ететінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, жәбірленушілердің ұстанымы айыпталушы қылмыстық жауапкершіліктен құтылуына жол бермейді. Мәжілісте өткен брифингте журналистер Санжар Әділовтен "татуласу мен жәбірленушілердің жазаны жеңілдету туралы өтініші айыпталушыны жауапкершіліктен босатуға негіз бола алмайды ма?" деп сұрады.
"Мүмкін емес", - деп қысқа қайырды ішкі істер министрінің бірінші орынбасары.
ІІМ өкілі қарсы арыз болуы, материалдық және моральдық шығын өтелуі жазаны жеңілдететін мән-жай екенін айтты.
әл-Фарабидегі жол апаты
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болды. Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы (22 және 20 жастағы қыздар) оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Кейінірек Zeekr көлігінің жүргізушісі тергеу изоляторына жеткізілді.
Осы оқиғадан кейін бірнеше лауазымды полицей қызметінен босатылды. әл-Фараби даңғылында болған жол апаты бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды. Қазір осы іс бойынша сот өтіп жатыр.
1 маусымда өткен сот отырысында марқұмдардың туыстары айыпталушыға кешірім беріп, соттан оған шартты жаза тағайындауды сұрады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова