әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апаты: қаза тапқандардың бірінің әкесі тосын мәлімдеме жасады

әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апатына қатысты жаңа дерек белгілі болды. Қаза тапқан 20 жастағы Т.К.-ның әкесі айыпталушыны кешірмейтінін және оның қатаң жазалануын талап ететінін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейін сотта қаза тапқан үш адамның туыстары айыпталушыға кешірім бергенін айтқан болатын. 8 маусымда Т.К.-ның анасы да шағымынан бас тартып, моральдық және материалдық шығын өтелгенін растап, соттан айыпталушыға шартты жаза тағайындауды сұрады.

Алайда қыздың әкесі бұл ұстаныммен келіспейді. Ол тоғыз жыл бұрын ажырасқанын, бірақ қызын өзі тәрбиелегенін айтты.

"Бұл әйел менімен ажырасқанына тоғыз жыл болды. Қызымды туғаннан өзім бағып-қағып, киіндіріп, тәрбиелеп, оқыттым. Ол - менің тұңғышым. Жерлеу рәсімін, асын өткізумен айналысып жатқанда, ол полицияға барып, өзін жәбірленуші ретінде танытып, сотқа дейін жетіп үлгеріпті", - деді ол.

Қаза тапқан қыздың әкесі айыпталушы бұрынғы әйеліне қомақты сома төлегенін айтты. Ер адамның сөзінше, өзіне де ақша ұсынылған.

"Айыпталушының анасы маған 10 миллион теңге ұсынды. Маған оның миллиондары керек емес, маған балам керек. Кешірім берген жоқпын және бермеймін де", - деді ер адам.

Қаза тапқан қыздың әкесі адвокаттар жалдап, кінәлі адамды барынша қатаң жазаға тарту үшін мемлекеттік органдарға жүгінуді жоспарлап отыр.

әл-Фарабидегі жол апаты

Еске салайық, 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болды. Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы (22 және 20 жастағы қыздар) оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Кейінірек Zeekr көлігінің жүргізушісі тергеу изоляторына жеткізілді.

Осы оқиғадан кейін бірнеше лауазымды полицей қызметінен босатылды. әл-Фараби даңғылында болған жол апаты бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды. Қазір осы іс бойынша сот өтіп жатыр.

1 маусымда өткен сот отырысында марқұмдардың туыстары айыпталушыға кешірім беріп, соттан оған шартты жаза тағайындауды сұрады.

Сонымен қатар, бұған дейін полицейге қатысты тергеу аяқталды. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!