Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматыда әл-Фараби даңғылында болған жол апатына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министр жағдай ерекше бақылауда екенін мәлімдеді.
"Алматыда болған жол апатынан қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті жүргізушіге сот санкциясымен қамауға алу шарасы қолданылды. Ол заңның бүкіл қатаңдығымен жазаланады. Менің тапсырмам бойынша Алматыға Өзіндік қауіпсіздік департаментінің, Әкімшілік полиция комитетінің және Жеке құраммен жұмыс жөніндегі департаменттің қызметкерлері жіберілді. Жан-жақты тексеріс жүргізіліп жатыр", - деді Ержан Сәденов.
Сонымен қатар, министрдің айтуынша, басқа да уәждер бойынша қылмыстық істер қозғалған.
"Бірқатар басшы атқарып отырған қызметінен босатылды. Барлығына құқықтық баға берілетінін ерекше атап өтемін. Ешкім де жауапкершіліктен жалтара алмайды. Заң бәріне ортақ", - деп жазды ІІМ басшысы.
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болды. Батыс бағытта жоғары жылдамдықпен келе жатқан Zeekr қарсы жолаққа шығып кетіп, шығысқа қарай кетіп бара жатқан Mercedes көлігін соққан.
Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы (22 және 20 жастағы қыздар) оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды.
Сонымен қатар, әл-Фараби даңғылында үш адамның өліміне әкеп соққан жарысқа "полицейлердің қатысы болуы мүмкін" деген ақпарат тексеріліп жатыр. Бұл дерек бойынша қызметтік тергеу басталған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!