әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апаты: прокуратура жаңа дерек ұсынды

әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апаты: прокуратура жаңа дерек ұсынды
Фото: Видео кадры

Алматы прокуратурасы әл-Фараби даңғылында болған жол апатына қатысты жаңа мәліметтер ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Істің жаңадан саралануы

Редакцияның ресми сауалына жауап берген қадағалау органының мәліметінше, үш адамның өмірін қиған жол апаты дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі - "Алкогольдік масаң күйде жол жүрісі қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу" бойынша соталды тергеу жалғасып жатыр.

Анықтама: Бұл бап бойынша 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы және белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру қарастырылған.

Бұған дейін іс 345-баптың 4-бөлігі - "Жол жүрісі қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу" бойынша қаралған. Бұл бап бойынша жаза: 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 7 жылға дейін айыру.

"Қылмыстық іс бойынша оқиғаның мән-жайын объектив зерттеуге бағытталған қажет тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тиісті сот сараптамалары тағайындалып, өткізіліп жатыр", – деп хабарлады прокуратура өкілдері.

Тағы бір қылмыстық іс

Негізгі іспен қатар, полиция қызметкерінің әрекетсіздігіне байланысты екінші қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Еске салайық, 26 наурызда ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев Алматы қалалық полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген болатын..

"Ішкі істер органының қызметкері болған жүргізушіге қатысты дер кезінде шара қолданбау дерегі бойынша да қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қала прокуратурасының мәліметінше, бұл іс Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы - "ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтік әрекетсіздік" бойынша қаралып жатыр", - деді қалалық прокуратура өкілдері.

Анықтама: Баптың санкциясында мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру, сондай-ақ белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру жазасы көзделген.

Прокуратура өзге де кінәлі лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын айтты.

"Қызметтік тексеріс нәтижелері бойынша уәкілетті бөлімшелер кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік сипаттағы шаралар қабылдады", - деп толықтырды қадағалау органы.

Дегенмен, нақты есімдер әлі аталған жоқ.

әл-Фарабидегі жол апатына қатысты іс сотқа қашан беріледі?

30 сәуірде Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов журналистерге қылмыстық іс аясында қажет сараптамалардың алынғанын хабарлады.

"Қылмыстық істі тергеу бойынша барлық дерлік сараптама алынды. Алдағы екі аптада тергеудің аяқталғаны туралы жариялауды жоспарлап отырмыз, өйткені қажетті тергеу амалдары аяқталып жатыр. Тергеу соңына жетіп қалды", - деді ІІМ басшысының орынбасары.

әл-Фарабидегі жол апаты

Еске салайық, 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болды. Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы (22 және 20 жастағы қыздар) оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Кейінірек Zeekr көлігінің жүргізушісі тергеу изоляторына жеткізілді.

Сонымен қатар, әл-Фараби даңғылында үш адамның өліміне әкеп соққан жарысқа "полицейлердің қатысы болуы мүмкін" деген ақпарат тексеріліп жатыр. 

Осы оқиғадан кейін бірнеше лауазымды полицей қызметінен босатылды. әл-Фараби даңғылында болған жол апаты бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget