Алматыда әл-Фараби даңғылында үш адам қаза тапқан жол апатына қатысты сот талқылауы жалғасып жатыр. 15 маусымда айыпталушы А.П. сотта жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жауап алу басталмас бұрын А.П. сотқа жүгініп, кінәсін толық мойындайтынын мәлімдеді. Ол жауапкершіліктен қашпайтынын, жазасын өтеуге дайын екенін және өзіне шартты мерзім сұрамайтынын айтты.
"Кінәмді толық мойындаймын. Жол апатын жасағаныма кінәлімін. Менің кесірімнен жазықсыз үш адам қаза тапқанын мойындаймын", - деді айыпталушы.
Ол жазаны жеңілдетуді көздемейтінін айтып, БАҚ өкілдеріне үндеу жасады.
"БАҚ өкілдеріне айтарым, жазадан қашу жолдарын іздеп жатқан жоқпын. Шартты жаза болуы мүмкін емес. Жасаған ісім үшін жауапкершілік арқалауға дайынмын және соны қалаймын. Бұл - үлкен қасірет, заңға сәйкес жазамды өтеуге әзірмін", - деді ол.
Ол жол апатына дейінгі оқиғалар туралы айтып, қозғалыс кезінде көлікте техникалық ақау шыққанын мәлімдеді.
"Көзімді орталық қалалық ауруханада аштым. Маған наркозсыз қандай да бір ота жасап жатты. Ол жағы есімде қалмапты. Есімді тек жансақтау бөлімінде жидым. Сол кезде ғана маған үш адам қаза тапқанын хабарлады", - деді айыпталушы көзіне жас алып.
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болды. Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы (22 және 20 жастағы қыздар) оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Кейінірек Zeekr көлігінің жүргізушісі тергеу изоляторына жеткізілді.
Осы оқиғадан кейін бірнеше лауазымды полицей қызметінен босатылды. әл-Фараби даңғылында болған жол апаты бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды. Қазір осы іс бойынша сот өтіп жатыр.
1 маусымда өткен сот отырысында марқұмдардың туыстары айыпталушыға кешірім беріп, соттан оған шартты жаза тағайындауды сұрады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!