әл-Фараби даңғылы бақылауда: Алматыда 5 мыңға жуық көлік айыппұл тұрағына қойылды

әл-Фараби даңғылы бақылауда: Алматыда 5 мыңға жуық көлік айыппұл тұрағына қойылды
Фото: ІІМ

Алматы полициясы жолдардағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сегіз күн ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың шамамен 15 мың дерегі анықталған. Соның ішінде көлікті мас күйде тізгіндеу, қарсы бағытқа шығу, көлік жүргізу құқығынсыз көлік айдау секілді жағдайлар тіркелген. Сонымен қатар, жалған мемлекеттік нөмір пайдаланғандар бар. 4,7 мыңнан аса көлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылып, мемлекеттік тіркеу нөмірлері тәркіленген.

Алматы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалым Сарғұловтың айтуынша, бақылау күшейтілгеніне қарамастан, жолдағы қауіп-қатер әлі де сақталып отыр.

"Мас күйде көлік жүргізетіндерге, жүргізуші куәлігінсіз немесе жалған нөмірмен жүретіндерге ерекше назар аударылады. Мұндай әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді", - деді полиция полковнигі.

Іс-шара аясында түнгі сүзгілеу шаралары күшейтілген, соның ішінде әл-Фараби даңғылында бақылау күшейтілді. Қосымша патрульдеу шаралары да ұйымдастырылған.

әл-Фарабидегі жол апаты

Еске салайық, 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болды. Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы (22 және 20 жастағы қыздар) оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды.

Сонымен қатар, әл-Фараби даңғылында үш адамның өліміне әкеп соққан жарысқа "полицейлердің қатысы болуы мүмкін" деген ақпарат тексеріліп жатыр. 

Осы оқиғадан кейін бірнеше лауазымды полицей қызметінен босатылды. әл-Фараби даңғылында болған жол апаты бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget