Баланың тілі неге кеш шығады? Мұндай жағдайда неге назар аудару керек? Баланы қай жастан мамандарға көрсету керек? Massaget.kz тілшісі бұл туралы логопед Аяулым Бақытовамен сұхбаттасты.
"Жүсіпбек Аймауытұлының айтуынша, бала шыр етіп жерге түскенде дыбыспен бірге туады. Сәби кішкентай кезінен бастап, өзінің қажеттілігін дыбыстар арқылы жеткізеді. Ал ол өсе келе, дыбыстан сөйлеу деңгейіне жетеді. Бала 2 жасқа дейін уақытының 85 пайызын анасымен бірге өткізеді", - дейді ол.
Логопед маманның айтуынша, 1 жастағы бала кемінде 10-15 сөзді, 2 жастағы бала 300-дей сөзді анық айтып, ал 3 жастан кейін еркін сөйлей алуы керек.
"Анасы осы уақыт аралығында баланың әріптерді анық айта алуына алғашқы көмекші адам ретінде септігін тигізеді. Егер баланың 3 жасқа дейін тілі анық шықпаса, ата-ана баланы тиісті мамандарға көрсеткен жөн. Өкінішке қарай, кейбір ата-ана 3 жасқа дейін баласы сөйлемесе де, "әлі ерте, бала ғой, тілі шығып кетеді, еркелік қой" деп алаңсыз жүре береді. Алайда бұл оның алдағы уақытта ойлау қабілетіне белгілі әсерін тигізуі мүмкін. Себебі сөйлеу мен ойлау қабілеті бір-бірімен тығыз байланысты", - дейді Аяулым Бақытова.
Маман сөзінше, бала тілінің дамуында тежеліс немесе сөйлеу белсенділігінің болмауы көп жағдайда қоршаған ортаның әсерінен де болады.
Бала тілінің кеш шығуы әртүрлі себептерге байланысты:
"XXl ғасырда балаларға эмоционал жылу жетіспейді. Көп ата-ана жұмыста болып, балаларына толыққанды көңіл бөле алмайды. Отбасында бала мен ата-ана арасында қарым-қатынас үзілген немесе әлсіз болған жағдайда бала тілі кеш шығады. Себебі отбасында баланың дамуына ең қажет дүние - коммуникация жоқ. Ата-анасымен, айналасындағылармен сөйлеспеген бала да тұйықтала береді. Бар ермегі теледидар мен телефон болған баланың сөйлеу аппараты дұрыс қолданылмай, жағын қимылдатып дұрыс сөйлеп үйренуге ұмтылысы болмайды. Соның салдарынан қазір 6-7 жасар балалардың сөздік қоры аз, кейбір әріптерді айта алмайды", - дейді маман.
Логопед сөзінше, ата-аналар баламен жиі сөйлесуі керек. Балаға тек логопед, психолог мамандар емес, ата-ана тарапынан да қолдау керек.
"Балаға анасынан артық ешкім де көмектесе алмайды. Себебі бала - ананың бауыр еті. Күнделікті кем дегенде 1,2 сағатыңызды баламен сөйлесуге арнаңыз. "Уақытым жоқ" деп қиындатпай, балабақшадан алып келе жатып та әңгімелесуге болады. Тамақ жасап жүріп, ойын сұраңыз, не қалайтынын біліңіз. Сонда балаңыздың дұрыс сөйлеуіне көмектесіп қоймай, логопед маманға кеткен шығыныңызды да үнемдейсіз", - деп қорытындылады логопед.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз