21 ақпанда Түркияда тағы жер сілкінісі сезілгені белгілі болды. Хатай провинциясында 5,8 және 6,4 балдық жер сілкінісі тіркеліп, салдарынан алты адам қаза болды. Түркиядағы табиғи апатты ақырзаманмен байланыстырып жатқандар бар.
"Түркияда тағы жер сілкінді... Бұл өзі табиғи апат па, әлде... әлде... әлемде біз білмейтін бір нәрсе боп жатыр ма? Соңғы жылдары өзі жұмбақ құбылыстар жиілеп кетті ғой... Алла өзің жар бола гөр!", - дейді Мариям Абсаттар есімді Facebook қолданушысы.
"Iнжiл кiтабында, Құдай айтады: ақырзаман болар алдында, жер бетiнде күнәләрдің бәрі өршіп шығады, ашаршылық, соғыс, жер сiлкiнiсi, су тасқыны, көк жүзінде таңғажайып құбылыстар болады делiнген. Мiне, соның бәрі болып жатыр. Демек, заманның ақыры таяды", - дейді Esfir Mutlu есімді қолданушы.
Алайда желі қолданушылары бұл конспирология, қастандық теориясы екенін жазып жатыр. Себебі жойқын жер сілкінісі болғаннан кейін афтершок болуы қалыпты жағдай. Оның саны мен магнитудасы уақыт өте келе азая бастайды. Ал афтершок жойқын жер сілкінісінен кейін бірнеше ай бойы сезілуі мүмкін.
"Солай болуы керек өзі де (жер сілкінісінің қайталануы-еск.). Неге сілкенбей жатыр деп ойлап едім. Жапонияда 2011 жыл 11 наурыздан соң күнде 6-7 балл болып жер сілкінетін. Одан соң бірте-бірте күші бәсеңдеп, өзі де азайды. Мен бір жылдан соң Токиоға көшіп келгенде аптасына 1 рет адам сезерліктей сілкінетін. Кейін 2 аптада бір, одан 1 айда бір рет болып азайды. Былай жиі сілкінеді ғой, бірақ қазір сезетіндей деңгейде 3 айда бір сілкініп тұрады ғой", - дейді Жанна Карчиганова есімді Facebook-қолданушысы.
Оның сөзінше, плиталар қатты қозғалған соң орныққанша жер сілкіне береді.
"Жер қыртысы, вулканология туралы ғылыми кітаптар болады. Соларды ашып оқыңыздар. Көрінген әулиенің айтқандарына сене бермей", - дейді Шоқан Тоқжолов есімді Facebook-қолданушысы.
Айта кетейік, одан бөлек, форшок деген ұғым бар. Ол - жойқын жер сілкіну алдында пайда болатын, аз магнитудамен сипатталатын жер асты думпуі. Негізгі жер сілкінуден бірнеше сағат (кейде бірнеше минут) бұрын байқалады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!