"Көгілдір бұғаз" демалыс орны жұртының сөзінше, Алтай ауданы аумағында соңғы жылдары маймақ қаптады. Біреу-міреу жазым болмай тұрғанда, әкімдіктің тезірек шара қолдануын күтіп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Аудан халқы екі-үш жыл бұрын Серебрянск қаласында болған жағдайды мысал етті. Аю бақшаға дейін келіп бәрін шашып, көмірді қопарып кеткен. Оның алдында 14 омартаны талқандап, күнде кешкісін ойран салыпты.
"Біреулер түз тағысын "азық тапшылығынан елдімекендерге жақындап жүр" деп айтты. Кәдімгі қоңыр аю. Ақырғанда дәл жанымызға келіп тұрғандай болады. Кейбір азаматтарда мылтық бар. Бірақ атсаң айыппұл арқалатып жібереді деп естідік. Сақтық танытсақ қатерден аман қалармыз, бірақ қорадағы малға шапса не болмақ? Қыркүйектің аяғына қарай ауыл іргесіне дейін келді", – дейді Жаңа Бұқтырма кентінің тұрғындары.
Анықталғандай, "Көгілдір бұғаз" демалыс орны төңірегін тінтіп, ауылдастарды шошытқан қоңыр аю қонжықтарын ертіп, "жорыққа" шығып жүр. Жергілікті әкімдікке өтініш түскен соң жағдайды реттеудің жолын іздей бастады. Олармен тізе қосып, орман және аңшылық шаруашылық инспекторлары да өз жоспарын ұсынған.
"Мұны естіген бойда бірден оқиға болған жерге бардық. Демалыс орны маңын кезген аюлар тұрғындарға тек шығын келтіріп қана қоймай, өмірлеріне де қатер төндіреді. Солай болғанның өзінде және материалдық шығын келтірілсе, жергілікті атқарушы органға қарасты мамандандырылған ұйымға хат түрінде жүгінуге болады. Олар аңшылық мерзім әлі басталмаса да, атуға рұқсат береді", – деді Жаңа Бұқтырма кентінің әкімі Мұрат Мұхаметжанов.
Шенеуніктер аңға өз бетімен қару кезенуге тыйым салынатынын, атқан жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылғанын тағы бір айтты.
"Жуықта тұрғындармен кездесу ұйымдастырылды. Оларға аю малға шауып, тұрғындар өміріне қауіп төндірсе қандай әрекетке бару керектігі жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргіздік", – деді әкімдіктегілер.
Асыл Бигелді
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!