Әлеуметтік желіде әйгілі ақын Мұхтар Шахановтың соңғы аманаты делінетін хат тарады. Онда ақын көзі тірісінде ата-бабасының мекені Отырарда, Арыстан баб кесенесі маңына жерлеуді сұрағаны айтылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Редакция Мәдениет және ақпарат министрлігінен ақын қайда жерленетінін сұрады. Бұл сауалға ведомство "әзірге белгісіз" деп жауап берді.
Ал Қазақстан Жазушылар одағы марқұмның жаназасы 21 сәуірде сағат 9:00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрынан шығарылатынын хабарлады.
Сонымен қатар, ақын Кеңсай-2 зиратында жерленетіні көрсетілген.
Жұртшылық бұл ақынның аманатына қиянат екенін жазып жатыр: "Өкінішті! Ақынның аманатына қиянат екен", "Кеңсайға жерлейді екен ғой. Еее, өмір-ай".
Айта кетейік, 19 сәуірде Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері, көрнекті ақын, драматург, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Түркістан облысы Төле би ауданы Қасқасу ауылында дүниеге келген. Ол - ақын, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері (2022 ж.), Қазақстанның Халық жазушысы (1996 ж.), Қырғыз Республикасының Халық ақыны (1994 ж.).
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз