Ақын Ілияс Жансүгіровтің қызы өмірден өтті

Ақын, драматург Ілияс Жансүгіровтің қызы Ильфа Ильясова өмірден өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қаралы хабар Facebook әлеуметтік желісінде Жанар Жандосова хабарлады.

"2024 жылдың 14-қаңтарында 89-ға қараған шағында ақын Ілияс Жансүгіров пен Фатима Ғабитованың қызы, қоғам қайраткері Санжар Жандосовтың жұбайы, дарынды ұстаз, қайсар әйел Ильфа Ілиясқызы Жандосова-Жансүгірова өмірден озды.
Ильфа Ілиясқызы 1935 жылы 29-мамырда Алматыда туған, бірақ 1937 жылы, небары 2 жасынан бастап, "халық жауы отбасының" мүшесі ретінде астанадан аластатылып, бүкіл Қазақстан даласын аралап, көшіп кетуге мәжбүр болды, соғыс жылдарында Жамбыл облысының Меркі ауылында тұрақтады. Тек 1950-жылдардың басында ғана Алматыға қайта оралған Ильфа Жансүгірова Шет тілдері институтына оқуға түседі, оны бітірген соң Қ.Сәтпаев атындағы политехникалық институтта, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институында неміс тілі пәнінің оқытушысы болып, ҚазССР Педагогикалық қоғамының Ғалым хатшысы, сонымен қатар ҚазССР Ғылым академиясының шет тілдер кафедрасының оқытушысы болып жұмыс істеді.
1958 жылы Ильфа Ілиясқызы Санжар Оразұлы Жандосовқа тұрмысқа шығады, екеуі бес баланы өсірді. Ильфа Жандосова тек батыр ана, жоғары білікті ұстаз ғана емес, 34 жыл ғұмырын бірге өткізген өмірлік қосағы, 1992 жылы қайғылы қазаға ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткері С.Жандосовтың сенімді серігі де бола білді. 1999 жылы ол Ілияс Жансүгіров қоғамдық қорын құрып, оның жұмысын өзі басқарды. Қор Ілияс пен Фатима Ғабитованың шығармашылық мұрасын жинақтап, зерделеп, аударып, басып шығарды, мектептер мен музейлерге қамқорлық көрсетіп отырды. И.Жандосова-Жансүгірова "Тағдырымның іздері" атты естеліктер жинағын шығарды. Өмірінің соңғы сағаттарына дейін Ильфа Ілиясқызы Қазақстандағы азаматтық қозғалыстар мен олардың белсенділерін қолдаумен өтті.
Қымбатты жақын-жұрағат, дос-жаран, анамыз Ильфа Ілиясқызының көзін көрген барша қауым. Қонақасы дастарханы 16-қаңтар, сағат 18.00-де "Жұлдыз" мейрамханасында жайылады. Қоштасу (шығару) 17-қаңтар, сағат 10.00-де үйде (Шевченко к-сі, 5 үй, 5 пәтерде, ас намазы сол күні, сағат 12.00-де "Жұлдыз" мейрамханасында оқылады. 

"Ілиястай ақиық ақын мен Фатимадай қайсар арудың соңғы шыбығы үзілді. Қазақтың қайраткер қызы Ильфа Ілиясқызы мәңгілік мекеніне оралды. Соңынан ерген сүйікті інісі Муратик - Мұрат Мұхтарұлы, әрқайсысы қоғамда ойып орнын алған қыздары - Ажар, Дина, Жанар, Фатима, қаза қайғысына ортақпын", - дейді Қалдыгүл Жаныбаева атты Facebook қолданушысы.

"ӨЗІ ДЕ ТАРИХҚА АЙНАЛЫП КЕТІП БАРАДЫ…
Жыр Құлагері Ілияс Жансүгірұлы мен аңыз ана Фатима Ғабитованың қызы, қос асылдың сынығы болған қайсар Ильфа анамыздың да уақыты болған екен. Ұлы жүрек тоқтапты.
Ілиястың көзіндей еді. Әкесінен аумайтын. Әкесінің суретіне қарап отырушы еді!
Інісі Мұрат Мұхтарұлы Әуез ағама, қыздары Ажар, Жанар, Дина, Фатима әпкелеріме қайғырып көңіл айтамын.
Қаралы күнде жандарыңыздан табылып, батыр ананы жер-ананың қойнына табыстай алмайтыныма өкінемін. Қазір өзім де науқастанып, ем-шипа іздеп сыртта жүр едім…
Марқұмды Алла панасына алсын. Рухына Фатиха!
P.S: Сіз туралы жазатыным көп еді; биыл әкеңіздің 130 жылдық тойы еді; Өзіңізбен тағы да сырласуым керек еді; Диктофонымдағы екеуара ғажайып әңгіме — көңілімді басар жұбанышыма айналар… Еһ, тұрақсыз дүние…", - дейді Елдос Алаш атты Facebook қолданушысы.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!