Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қойшығұл Жылқышиев 75 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қайғылы хабарды ақын Әлия Дәулетбаева Facebook желісіндегі парақшасында жариялады.
"Атырау мәдениетінің ақтаңгері Қойшығұл аға жалғаннан өтті... Өмір деген осы екен... Бетімізден қақпадыңыз... Еркелігімізді көтердіңіз... Қамқор болдыңыз... Дүние шын жалған екен ғой... Алла алдыңыздан жарылғасын, аға!", - деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Айта кетейік, Қойшығұл Жылқышиев 1948 жылы 24 қазанда Атырау облысы, Жарсуат ауданындағы Жаманқұдық ауылында дүниеге келген. 1975 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген. Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде, телевидение саласында қызмет атқарған, «Өнерпаз» қоғамдық қайырымдылық қорының президенті. Өмірінің соңғы жылдарында Қазақстан Жазушылар одағының Атырау филиалының директоры қызметін атқарды. «Тұңғыш» (1978), «Мұңкітап» (1998), «Асаукер» (2001) сияқты кітаптардың авторы. 1996 жылы ақын Махамбет Өтемісұлы туралы публицистикалық мақалалар жазғаны үшін Ахмет Байтұрсынов атындағы сыйлықты алды.