АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің бұрынғы жақтасы Илон Масктың жаңа саяси партия құру туралы шешіміне пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі The Guardian басылымына сілтеме жасап.
Журналистердің сұрағына жауап бере отырып, Трамп бұл шешімді "күлкілі" деп атады. Кейін ол өзінің ойын Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында ашып жазды.
"Кейінгі бес аптада Илон Масктың ақылынан алжасып бара жатқанын бақылау өкінішті жағдай. Олар АҚШ-та табысқа жетпейтініне қарамастан үшінші саяси партия құруды жоспарлап отыр. Үшінші партияның қолынан тек хаос жасау келеді", - деп жазды Трамп.
Кейін ол Маскпен арадағы "бірлескен жұмыс" барысында туындаған мәселелерді еске алды.
Трамптың айтуынша, Маск электрмобильдер сатып алуды ынталандыру үшін берілетін субсидияларды тоқтату жоспарына қарсы болған. Сондай-ақ, Трамп Маскты өз ықпалын пайдаланып, досы Джаред Айзекманды NASA басшысы қызметіне ұсынуға тырысты деп айыптады.
Маск Трамп әкімшілігіндегі арнайы мемлекеттік кеңесші қызметінен кеткеннен кейін, Айзекманның кандидатурасы кері қайтарылған.
"Илонның ғарыш саласында жүрген ең жақын досы NASA-ны басқаратыны маған орынсыз көрінді. Себебі NASA - Илонның корпоратив өмірінің үлкен бөлігі", – деп жазды Трамп.
АҚШ-тың қаржы министрі Скотт Бессент те Масктың партиясына қатысты пікір білдіріп, оған саясаттан аулақ болып, өзінің компанияларын басқаруға көңіл бөлуге кеңес берді.
Ол Tesla сияқты Масктың компанияларына инвестиция салған инвесторлар оның Трамп әкімшілігіндегі рөлі ұзаққа созылмауын қалағанын еске салды. Себебі сол кезеңде компанияның сатылымдары DOGE дәуірінде төмендеген.
Еске салайық, әлемдегі ең бай адам және Ақ үйдің бұрынғы кеңесшісі Илон Маск жаңа саяси партия құратынын мәлімдеген болатын.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек