- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ақылы отаны ешкімнің...
"Ақылы отаны ешкімнің қалтасы көтермейді". Белгілі дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев жыл басында-ақ таусылып қалатын квотаны сынға алды
Әлеуметтік желі қолданушысы миында екі жақты аневризма диагнозы қойылған әйеліне квота жоқ екенін айтып, дәрігерге хат жолдаған. Оқырман хатына жауап берген елімізге белгілі нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев мұндай науқастарға арналған квота енді тек желтоқсанда ашылатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Ақылы отаны ешкімнің қалтасы көтермейді"
Дәрігердің айтуынша, мұндай диагноз қойылған барлық науқастар квота арқылы ғана қабылданады.
"Осы диагноздағы науқастарға арналған квоталар таусылды. Атап айтсам, Астанада наурыз айында бітті. Ал Алматыда желтоқсан айында ашылады. Біз барлық науқастарды квота арқылы қабылдаймыз. Хат жолдаған науқастың желтоқсанға дейін шыдамайтынын ескеріп, басқа емханаларға жіберген. Мұндай ақылы оталарды ешкімнің қалтасы көтере бермейді. Ал несие алу тұрғын үйді сату қосымша амал деп қарауға болады. Еліміздің медицинасы жаман деп айта алмаймын. Тек шыдау керек. Өзіңіз бен жақындарыңыздың денсаулығын күтіңіздер", - деді нейрохирург.
"Құны кемінде 4 млн теңгеден басталады"
Нейрохирургия диагнозы қойылған қазақстандықтарға Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ота жасалады. Ақылы отаның құнының қымбат екенін Шымкенттегі №1 клиникалық аурухананың нейрохирургиялық қызметінің жетекшісі, нейрохирург Еркін Медетов те растап отыр. Ол бұған дейін Астанадағы Қазақ ұлттық нейрохирургия орталығында 12 жыл қызмет еткен.
Жеке мұрағаттан
Ауруханамызда барлық ота қазақстандықтар үшін тегін жасалады. Ол жоспарлы ота жасатуға, жоспарлы консультацияға келген науқастарға квота ашуға құжат береміз. Сол арқылы өзі тіркелген емханадан квота арқылы келеді. Ал шұғыл түскен, аяқ астынан жарақат, инсульт алған науқастар МӘМС жүйесі арқылы қабылданып, ота жасалады. Егер бүгін орталыққа келсе, келесі аптада қабылдап, тексеріп, ота жүргізе аламыз. Ал ақылы жасау өте қымбат, кемі 4 млн теңгеден басталады, - деді нейрохирург.
Еске салайық, бұған дейін басын ойып, өзіне чип орнатқан ер адам туралы жарияланған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы