Жамбылдық оқушылар ойлап тапқан "Ақылды сағат" инфаркт пен инсульт белгілерін анықтайды. Massaget.kz тілшісі дер кезінде диагноз қоюға мүмкіндік беретін құрылғыны жасаған новаторлармен тілдесті.
Жамбыл облыстық дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған лицейдің 9-сынып оқушысы Дулат Исабек пен 8-сынып оқушысы Адия Тұрсынбайдың айтуынша, Second Heart сағаты инфаркт пен инсульт белгілерін уақтылы анықтауға көмектеседі екен.
"Инфаркт пен инсульт белгілерінен анықтап, сигнал беретін бірегей сағаттардың жұмыс істеу принципі өзгеше. Құрылғы науқас құлап, қозғалмай жатып қалса, құрылғы бірден оған күтім жасайтын маманға тиісті сигнал жібереді. Бастысы, оның қай жерде жатқанын көрсетеді", - дейді Дулат Исабек.
Құрылғы арқылы пациенттің денсаулығы туралы ақпаратты дер кезінде білуге мүмкіндік береді.
"Біз сағат арқылы науқастың дене температурасын, қандағы оттегінің пайызын, жүрек соғу жиілігін бақылай аламыз. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы қолдау көрсетіп, "Екінші жүрек" сағатының көмегімен дәрігер мен пациент арасындағы байланысты арттыруға көмектесіп отыр", - деп түсіндірді Адия Тұрсынбай.
Жас новаторлардың жетекшісі Мирамгүл Орынбаева бірегей ғылыми жобаларды әзірлеген шәкірттері "Ақылды сағатты" жасап шығу үшін ұзақ уақыт ізденгенін айтты. Ал дәрігерлер жүрек-қан тамырлары ауруларынан зардап шегетін адамдардың жағдайын бақылау үшін портативті құрылғыны пайдаланудың болашағы зор екенін айтады.
А.Сырымбет
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!