“Ақылды“ фермалар, агродрондар: Тоқаев ауыл шаруашылығын трансформациялау туралы айтты

“Ақылды“ фермалар, агродрондар: Тоқаев ауыл шаруашылығын трансформациялау туралы айтты
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердегі өндіріс ошақтары мен агроөнеркәсіп кешенін цифрлық трансформациялаудың маңызына назар аударды. Президенттің пайымынша, экономиканы цифрландыру – технологиялық тренд қана емес, бәсекеге қабілетті болудың басты кепілі.

"Қазақстан бұл сынаққа ауқымды Цифрлық трансформация тұжырымдасын қабылдау арқылы жүйелі әрекеттермен жауап бермек. Өнеркәсіп секторы мен тау-кен және металлургия кешеніндегі роботтандыру, "бұлттық" шешімдер, ірі кәсіпорындардың "цифрлық телнұсқасы" өнімділікті ұлғайтып, шығынды азайтады. Ауыл шаруашылығын автоматтандыру мол өнім жинауға, су үнемдеуге, қоршаған ортаға зиянды азайтуға септігін тигізеді. Мал шаруашылығына қағаз жүзіндегі құжат айналымынан бас тартып, есептің дәлдігін арттыратын бірқатар цифрлық жүйе енгізілді. Еліміздің түкпір-түкпірінде 650-ден аса "ақылды" фермалар жұмыс істеп тұр. Онда сиыр сауу, бордақылау және микроклиматты қадағалау үрдістері автоматтандырылған жүйелермен жабдықталған. Егін және тұқым шаруашылығында өнімді "егіс даласынан тұтынушы дастарханына дейін" жеткізу тізбегін қадағалайтын жүйе енгізіліп жатыр. Тыңғылықты жоспарлау мен цифрлық болжау мүмкіндіктерін пайдалану нәтижесінде Қазақстанда екінші жыл қатарынан егін бітік шығып, 27 миллион тонна көлемінде астық жиналды. Бұл – рекорд көрсеткіш. Ауыл шаруашылығы жерлерін жаппай цифрландыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Агродрондар, жерсеріктік навигациялар мен метеостанция мәліметі кеңінен қолданыла бастады. Жер телімін пайдалануға беру үдерісі электрон форматқа көшірілді. Дихандар мен шаруаларды мемлекет тарапынан қолдау тетіктері толықтай электрон форматқа ауысты. Бұл жемқорлық қаупін азайтады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын цифрландыру тәжірибесін кеңінен тарату қажет деп санайды.

"Жаһандық азық-түлік нарығындағы ЕАЭО позициясын нығайтатын жоғары технологиялық бастамаларды қолдауға күш салуға болады. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа агроөнеркәсіп кешеніндегі кооперациялық жобаларды қаржылай қолдау бойынша түзетулер енгізіліп, қабылданды. Бұл – осы жолдағы маңызды қадамның бірі. Мұндай технологиялық бастамаларды қаржыландыру көлемін ұлғайту үшін Еуразия даму банкінің мүмкіндіктерін пайдаланған жөн. Құрылғаннан бергі жиырма жыл ішінде осы қаржы институты еуразиялық интеграцияның тиімді әрі сұранысқа ие құралы екенін дәлелдеді. Біз шағын құрамдағы кездесуде банктің басқарма төрағасы жасаған мазмұнды баяндаманы тыңдап, оны бекіттік. ЕАДБ алдағы уақытта да одақ кеңістігіндегі стратегиялық жобаларды жүзеге асыруда басты локомотив болуға тиіс деген ұйғарымға келдік", – деді Президент.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget