Ақыл тісті жұлдырғаннан кейін ауырсынуды тез басуға көмектесетін 6 кеңес

Ақыл тісті жұлдырғаннан кейін ауырсынуды тез басуға көмектесетін 6 кеңес
Фото: elements.envato.com

Ақыл тіс кез келген адамды өмірінде кем дегенде бір рет мазалауы мүмкін. Ақыл тіс қызыл иек ішінде ешқандай ыңғайсыздық тудырмағанымен, шығу барысында және шыққаннан кейін қатты ауырады. Кейде ақыл тісін жұлдырған науқастың жағдайы күрт нашарлап, ауруханадан бір-ақ шығып жатады. Стоматолог Владимир Шипков ақыл тісті жұлдырғаннан кейін ауырсынуды тез басуға көмектесетін 6 кеңес берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әр адамның ағзасы әртүрлі болғандықтан, жараның жазылу мерзімі де өзгеріп отырады. Алайда әдетте тісті жұлғаннан кейін ол 7-10 күн арасында жазылады.

  • Тісті жұлдырғаннан кейін алғашқы 24 сағат ішінде қан ұйып қалады;
  • 3-4-күні ауыз қуысының жұмсақ тіні ісінуі кете бастайды;
  • 7-10 күннен кейін тігісті алып тастау керек;
  • Тістің орнының ауырғаны 7-10 күннен кейін басылады.

Қанды тоқтатып, ісікті кетіру

Дәрігер тісті жұлғаннан кейін бос орынды тігіп, науқасқа антибиотик, қабынуға қарсы препараттар тағайындайды. Ал тіс жұлынған жақтағы бетке салқын зат басу ісікті кетіруге көмектеседі.

Тамақтану түрін өзгерту

Ақыл тістің бос орнындағы тінді зақымдауы мүмкін тағамдарды жемеуге тырысыңыз. Алғашқы 3-5 күнде бөлме температурасындағы пюре тәрізді езілген тағамдарды жеу ұсынылады. Бұл көкөніс пен еттен әзірленген пюре, езілген сорпа мен жарма болуы мүмкін.

Физикалық белсенділіктен аулақ болу

Ақыл тісті жұлғаннан кейін жаттығу залына бармаңыз. Қарқынды физикалық белсенділік тістің бос орнын қанатып, тіпті асқындырып жіберуі мүмкін. Жаттығу залынан бөлек монша мен саунадан да аулақ болуға тырысыңыз.

Гигиена

Тісті жұлғаннан кейін алғашқы 24 сағат ішінде тіс щеткасын пайдаланбаңыз. Ал 14 күн бойы жұмсақ қылшықты щетканы тістің бос орнына тигізбей қолдану керек. Бұған дейін пайдаланып жүрген щеткаңызды тек 2 аптадан кейін қайта қолға алуға рұқсат етіледі. 

Механикалық тітіркендіргіштерден аулақ болу

Тістің бос орнына тіл, саусақ немесе басқа зат тигізбеңіз. Тісті жұлғаннан кейін қарама-қарсы жақпен тамақ шайнап, тамақтанғаннан кейін ауызды жылы сумен шайып, бос орында тамақ қалдығын қалдырмауға тырысыңыз.

Жаман әдеттерден бас тарту

Темекі шегу жараның жазылуына теріс әсер етеді, ол темекінің өзі емес, вейп, IQOS, сигара, қорқор (кальян) болса да зиян.

Осындай қарапайым кеңестерді орындау ақыл тісті жұлғаннан кейін ауыз қуысының тезірек жазылуына мүмкіндік береді, дегенмен тіс дәрігерінің кәсібилігі де маңызды фактор екенін естен шығармау қажет. Сондықтан тісті емдеу кезінде заманауи диагностикалық жабдығы, арнайы білімі және жеткілікті тәжірибесі бар стоматологқа ғана сену керек.

Айта кетейік, бұған дейін ақыл тістің не себепті қисайып шығатынын дәрігер түсіндірген болатын. 

Тағы да оқи отырыңыздар: Илон Масктың байлығы қанша?

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә