Акушер-гинеколог қызметі ер адамдарға “көрсетілген“: Павлодарда заңбұзушылық әшкереленді

Павлодарда медицина саласындағы заңбұзушылық әшкереленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Павлодар қаласының прокурорлары "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ-тың бюджет қаражаты мен активтері жұмсалуына жүргізген тексеріс кезінде жалған қызмет көрсету дерегін анықтаған. Тексеріс барысында невропатолог, кардиолог, хирург, психолог секілді мамандар қайтыс болған адамдарды "қабылдағаны" көрсетілген. Сонымен қатар, акушер-гинеколог қызметі ер адамдарға "көрсетілген" жағдайлар да тіркелген. Кейбір жағдайда емдеу қызметтері қайталанып, соның есебінен қосарланған төлем алынған.

Бұдан бөлек, тиісті сертификаты мен рұқсат құжаты жоқ адамдар медициналық көмек көрсеткені анықталды.

Қадағалау актілері негізінде заңбұзушылықтарды жою, рұқсат құжаттарын рәсімдеу және кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту шаралары қабылданып жатыр. 100 миллион теңгеден аса залал өтелді.

Қазір сотта медицина саласында заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу арқылы 62 миллион теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқыру және 41 миллион теңге көлемінде залал келтіру дерегі бойынша екі қылмыстық іс қаралып жатыр.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!